Атырау, 28 желтоқсан 15:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Екі қошқардың басы Нұрсаяға сыя ма?

2 804 просмотра

«Нұрсая» ықшам ауданының тұрғындары ПИК қызметінің төлемақыларын қайда төлейтіндерін білмей дал: КМК-ға ма, әлде ПИК-ке ме?

Естеріңізге салсақ, біз газетіміздің өткен сандарының бірінде осы тариф бағасы жөнінде жазған едік («ЖС», №36, 08.09.2011 ж. «Нұрсаялықтар КМК тарифімен келіспейді»). Онда ықшам ауданға қызмет көрсетіп отырған КМК тарифіне тұрғындар наразылығы баяндалған болатын.   

 МОЛДА КӨБЕЙСЕ...

 «Құрман Сервис» ЖК ПИК-нің төрағасы Болат МАҚСҰТОВТЫҢ айтуынша, оның мекемесі күні бүгінге дейін «Нұрсая» ықшам ауданындағы 16 үй мен 2 қазандықты қамтыған. Ал тағы бір мекеме КМК, яғни “Коммунальное обслуживание жилых домов города” ЖШС директоры Сайлау ҚҰРМАШ та осы ауданға қызмет көрсетіп келеді. 2008 жылы құрылған бұл ЖШС бұрын «Нұрсая» ықшам ауданындағы тек  төрт үйге және С.Датов көшесіндегі жаңадан тұрғызылған үш үйге, Жилгородоктағы Заполярный көшесіндегі бір үйге коммуналдық қызмет көрсеткен. Кейінірек бұл тізімге «Нұрсая» ықшам ауданындағы барлық үйлер қосылыпты. Бір сөзбен айтқанда ПИК пен ЖШС бір-бірінің қызметін қайталап отырған көрінеді. Екеуі де тұрғындардан тапсырыс алып, ауланы, подъездерді тазалап, коммуналдық төлемақы үшін ақша жинап келеді.

«Құрман Сервис» ЖК ПИК төрағасы Б.Мақсұтов болса жұмысын әлі жалғастырып келе жатқанын айтады.

-Екі қазандық үшін төленетін 500 мың теңгеге  жуық қарыз да қордаланып қалды. Оны төлеуден халық бас тартып отырған жоқ, әңгіме қайда төлеуін анықтауда болып тұр. Біз  қалалық әкімдіктен нақты жауап күтіп отырмыз,- дейді ол.

Қазір осы қарызға байланысты «ОблТрансГаз» КМК-сы газ беруді тоқтатқан. Ал «Нұрсая» ықшам ауданындағы үйлер қазандықтар арқылы жылытылады. Сондықтан болар нұрсаялықтар ыстық суға да  жарымай келеді.

Ал ПИК ассоциациясының төрағасы Асылбек МҮЛІКОВ  тіпті Нұрсаяда ПИК болмайды дегенді айтып отыр. Бұл мәселе жайлы нақты ақпар беруден бас тартқан ол әзірге ЖШС де, ПИК те ассоциацияға мүше болып кірген жоқ дейді.

ӘКІМДІКТІҢ ЖАУАБЫ

24 тамыз күні нұрсаялықтар мұңын айтып облыстық әкімдікке шағымданған еді.  Осыдан кейін  бір ай өте, яғни 26 қыркүйек күні Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ  бұйрық шығарыпты. Онда  аталмыш ЖШС-і үшін коммуналдық қызмет көрсететін мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын үйлерін күтіп ұстауға бір айға жалпы тұрғын үй алаңының 1 шаршы метрі үшін жеке тұлғаларға - 25 теңге, жылуға – 72 теңге, су ысытуға – 135 теңге, ал заңды тұлғаларға баспананы күтіп ұстау үшін - 50 теңге, жылуға – 72 теңге, су ысытуға – 135 теңге деп белгіленген. Төлем мөлшері қазанның 1-нен бастап енгізіледі. Оның айтуынша, тариф бағасы монополияға қарсы комитетпен келісіліп қойылған.

Сондай-ақ, ол  «Коммунальное обслуживание жилых домов города» ЖШС-іне «Нұрсая» ықшам ауданындағы қалалық әкімдік балансындағы үйлерге коммуналдық қызмет көрсетуді жауапкершілігіне алу ұсынылғанын атап көрсетті. ЖШС қызмет көрсететін үйлер қатарына  12 жалдамалы және 6 коммуналдық үйлер кірген. Ал қалған 8 жекеменшік ипотекалық үй тұрғындары өздері ПИК құрып, коммуналдық төлем жүргізе алады.  Бұған қоса шенеунік мырза «Құрман Сервис» ПИК-і мойнында еш жауапкершілігі жоқ, қарызға орай кесілген газды да ЖШС қосып берді дейді. Сонда тұрғындар өздері құрған  «Құрман Сервис» ЖК ПИК-і не істемек?

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

29 қыркүйек 2011, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.