Шахмат
Қызылордада өткен 8-18 жас аралығында шахматтан ел чемпионатында атыраулық спортшы Нұрәділ ЖАМБЫЛ қола медаль алды.
Нұрәділ – ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназияның 5-сынып оқушысы. 10-12 жас санаты «блиц» бағдарламасында мүмкін болған 9 ұпайдан 7,5 ұпай жинап, шешуші ойында астаналық Әмір Сатыбалдыға есе жіберді. Оралдық Александр Савин «қола» алды. Нұрәділ шахматпен 6 жасынан бері шұғылданады. Қазір 1-БЖСМ-де (Привокзальный) Гүлнұр Төлеуова мен Жәнібек Амановтан дәріс алады. Чемпионаттың қорытындысы бойынша ол ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін қорғауға қажетті алғашқы үш ұпайға ие болды.
***
Жүлдесіз «Бейбарыс»
Облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы Рудныйдың «Горнягінен» 2:3 есебімен ұтылып қалды. Бұл хоккейшілеріміздің үшінші орын үшін плей-офф сериясындағы төртінші жеңілісі еді, осылайша серияда ұтылып қалдық.
Негізі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды. Овертаймның 1-минутында-ақ қарсыласымыз 1 гол соғып үлгеріп, «Горняк» қоланы қанжығасына байлады. ҚР 2 дүркін чемпионы және 2 дүркін күміс жүлдегері «Бейбарыс» екінші маусым қатарынан жүлдесіз қалып отырғанын атап өткен жөн.
***
Таеквондо
Астанада өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жасөспірімдер арасындағы таэквондодан республикалық турнирде Атырау облысының құрамасы алған жүлделерінің саны бойынша командалық 1-орынға табан тіреді.
Команданың барлығына жуық мүшелері жүлделерге ие болды «Алтын»: Айтуар Шайкенов (№36 мектеп), Әділжан Сәрсенов (№10 мектеп), Әлихан Сейітов, Әли Байырхан (екеуі де №13 мектеп), Ақниет Қабдуллина (№3 мектеп), Айдана Еділбаева (№22 мектеп), Аягөз Нығметова (№27 мектеп); «күміс»: Айбек Өтепқалиев (№19 мектеп), Арыстанбек Өтепбергенов (КҚК), Арыстанбек Әбдіқұлов (№30 мектеп), Алмаз Меллятов (Сәтпаев атынд. м), Дамир Бисембай (Мұратбаев атынд. м), Тоқсын Қабылбай (№2 мектеп), Диляра Керімова (№15 мектеп); «қола»: Нұрсұлтан Қабдрахманов (КҚК), Бексұлтан Қабдрахманов (№16 мектеп), Ілияс Әлібек (КҚК), Айдос Амангелдиев (№5 мектеп).
Таразда мәдениет қайраткері Қаратай Тұрысовты еске алуға арналған республикалық турнирде облыс құрамасы осы құрамда өнер көрсетіп, командалық екінші орын алды. А.Өтепқалиев пен А.Қабдуллина «алтын» алса, А.Шайкенов, А.Сәрсенов және Д.Бисембай «күміс», Н.Қабдрахманов пен Д.Керімова «қола» иеленді. Спортшыларды жаттықтырушылар Е.Алагөзов, С.Сардарова, А.Касаев, Б.Төребаев дайындады. Спортшылар мен жаттықтырушылар қолдау көрсеткендері үшін Олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры М. Жанғалиев пен ОРМБЖСМ директоры А. Үсеновке алғыс айтады.
***
Суға секіру
Жаттықтырушы В.Молчановтың берген уәдесі орындалып жатыр («Укриналық жаттықтырушы Владимир Молчанов: «Атырау үшін барлық алтынды алып береміз» мақаласын қараңыз). Алматыда өткен суға секіруден Қазақстан чемпионатында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Алексей ПРИГОРОВ пен Еуропа чемпионы ЗАХАРОВ бірнеше рет жүлдегер атанды.
А. Пригоровтың қоржынына бір метрлік және үш метрлік трамплиндерден секіру «алтыны» мен бағанадан секіру бойынша «күміс» түсті. А. Захаров бағанадан секіруден «алтын» және үш метрлік трамплиндерден секіруден «күміс» жүлде алды. Алексей мен Антон ұлттық құрама сапына ілікті. Қазір олар Қазақстан Спартакиадасы мен Малайзияда өтетін Азия кубогына (сол жерде алғашқы олимпиадалық лицензиялар сарапқа салынады) дайындалып жатыр.
***
Жекпе-жек
Оралда грепплинг пен панкратионнан кадеттер мен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті.
Жарысқа бес жас тобына бөлінген 350 бала мен жасөспірім қатысты. Атырау командасының жаттықтырушысы Саид Типаевтың айтуынша, мықты бәсекелестік жағдайында спортшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Фархат Ниетов «күміс» медаль алса, Харис Акаев, Айбек Сейтенов «қолаға» қол жеткізді. Ал, Камиль Расулов жекпе-жектің екі түріне де қатысып, команда қоржынына қатарынан екі «қола» салды.
Команда Атырауда панкратионның негізін қалаған Сағындық Микеевке алғыс айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Анастасия ПАСТУХОВА