Атырау, 24 сәуір 17:05
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Украиналық жаттықтырушы Владимир Молчанов: «Атырауға барлық алтынды алып береміз»

1 673 просмотра

Суға секіруден Украина құрамасының мүшелері – 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Алексей ПРИГОРОВ пен Еуропа чемпионы Антон ЗАХАРОВ енді Қазақстанның және Атыраудың намысын қорғайды. Бұл туралы «АЖ»-ға берген сұхбатында олардың бапкері, Украинаның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир МОЛЧАНОВ (суретте) хабарлады.

ТАНДЕМДЕР ЖӘНЕ ПРОБЛЕМАЛАР

- Владимир Алексеевич, айтыңызшы, Атырауға қалай келдіңіздер?

-Отанымызда біз ел құрамасына керек емес болып қалдық. Біздің негізгі бәсекелестеріміз Украина құрамасының бас бапкері Тамара Токмачеваның шәкірттері болып табылады. Жарыстарда төрешілер әділетсіздікке жол береді. Міне, осыларға байланысты, біз – үздік украиналық секірушілер Украина чемпионаттарында жеңілеміз, халықаралық жарыстарға бара алмайтын болдық.

-Украина құрамасының бас бапкерінің шәкірттері деп айтқанда, нақты кімдер туралы айттыңыз?

-Илья Кваша мен Александр Горшковозов. Сөз жоқ, мықты спортшылар. Алексей Пригоров әрқашан Квашамен бірге секіретін. Олар Бейжің Олимпиадасында синхронды секіруден үшінші, Лондонда төртінші орын алды, екеуі екі рет Еуропа чемпионатында жеңіске жетті. Содан кейін Токмачева Алексей Квашадан Горшковозовқа ауыссын деп ұсыныс берді, мен қарсы болдым, Пригоров-Кваша жақсы жұп болатын. Алайда Кваша жарақат алып қалып, біраз уақыт жарысқа қатыса алмады. Шанхайда өткен әлем чемпионатында бізге еріксіз Горшковозовпен жұп болуға тура келді. Пригоров - кез келген әріптесімен жақсы өнер көрсете алатын әмбебап спортшы, бұл оның басты ерекшелігі. Шанхайда 6-орынға ие болдық, «қолаға» қол жеткізуге мүмкіндік бар еді, алайда Горшковозов соңғы шешуші секіруде қателік жіберді. Токмачева Пригоров-Горшковозов жұбын сақтау керек деген ұсыныс жасады. Мен бұл туралы Квашаға айттым, әбден үйреніскен ескі жұпты айырғаннан пайда жоқтығын ескерттім.

Алайда Токмачева Квашаны Горшковозовпен жұп құруға үгіттеп, ақыры Пригоров-Кваша жұбын бұзды.

Мен Пригоровқа жаңа жұптасты бірден таптым. Әлем чемпионатының жүлдегері Антон Захаровты таңдадық. Керемет жұлдызды жұп пайда болды. Өткен жылы біз алғаш рет Украина чемпионатына қатыстық, сол жерде өзімізді көрсеттік. Токмачева біздің өз шәкірттерін жеңетінімізге көзі жеткеннен кейін жолымызды кесті. Жарыста бізге үлкен әділетсіздік жасады.

Құрамада екінші болғандықтан, біз де халықаралық турнирлерге қатысуымыз керек еді. Алайда бізді жаттығу жиындарына да, турнирлерге де шақырмады. Ал федерация басшылығына Токмачева біздерді Риодағы Олимпиадаға дайындалып жатыр, қатарымызда деп алдап келген.

Шәкірттерімнің алдында таңдау жасау мәселесі пайда болды: спорттық карьераны аяқтау керек пе әлде Украинадан кету қажет пе? Мен бұрынғы Кеңес елдеріне хабарласа бастадым. Қазақстандық достарыма да жолықтым.

Біз Атырауға келетінімізді ақылдасу үшін осы жылдың басында келдік. Орталық жүзу бассейнінің директоры Рашид Мусинмен бірге республикалық су спорты түрлері федерациясының басшылығына хабарластық. Алматыға барып, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов және ҚР су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы Андрей Крюковпен кездесіп, келуімізді талқыладық. Жоғары деңгейде «рұқсат» алғаннан кейін, екі апта бұрын сіздердің қалаларыңызға келдік. Мен жұбайыммен, ал, Алексей мен Антон өздері келді, олар үйленбеген.

 

«КЕЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАН МЫҚТЫ БОЛДЫ»

- Украинада басқа шәкірттеріңіз қалды ма?

- Харьковте көп шәкірттерім қалды. Мен оларды жаттықтырушы досыма тапсырып кеттім. Егер қайтып оралсам, оқушыларымды өзіме қайтаратын болады.

-ҚР чемпионаттарында біздің облысымыздың намысын қорғайсыздар ма?

- Иә, 24-30 наурыз аралығында өтетін Қазақстан чемпионатынан бастаймыз. Суға секірудің барлық түрлеріне де қатысамыз. Барлық алтын және күміс жүлделерді Атырау қоржынына саламыз деп ойлаймын.

- КСРО кезінде Қазақстанда суға секіру қалай дамығаны туралы білесіз бе?

- 1969 жылы мен Алматыда болған КСРО кубогына қатысып, жеңімпаз атандым. Сол кезде қазақстандық суға секірушілер Одақ бойынша мықтылар санатында еді. 1970 жылы Ю. Гришин КСРО кубогын ұтса, сол жылы В. Тощенко, ал 1974 жылы А. Гендриксон Кеңес Одағы чемпиондары атанды. Б. Еньшин бүкілодақтық турнирлерде бірнеше рет жеңіске жетті. Керемет спортшылар болды. Кеңес Одағытарағаннан кейін Қазақстанда суға секіру спорты құлдырай бастады.Көптеген спортшылар АҚШ-қа қоныс аударды.

-Шәкірттеріңізбен бірге Қазақстан азаматтығын аласыздар ма?

- Қазір осымен айналысып жатыр. Пригоров пен Захаров ҚР азаматтығын алады, ал маған міндетті емес.

-Атырау қаласының орталық жүзу бассейніндегі спорттық жабдықтар стандарттарға сәйкес келе ме?

-Құрылыс барысында жобалаушылар қате жіберген. Қазір бассейндерді бұлай жасамайды. Сіздерде 3 метрлік бағана бассейннің екі жағында орналасқан, бұл синхронды секіруге бармайды. Ал Пригоров пен Захаров осы синхронды секіруден мықты. Содан кейін бағаналар бекітілмеген, қозғалып тұр. Олардың биіктігі 3 метр емес, 275 сантиметр, метрлік трамплиннің орнына 90 сантиметрлік салынған. Бұл ұсақ-түйек емес, біздің спортымызда бәрі басты рөл атқарады.

-Балаларды бағанадан секіруге жаттықтырасыз ба?

- Бұл туралы бассейн директорымен сөйлестік. Ол Атырауда бөлім ашып, осы спорт түрін дамытуды қолға алғысы келіп отыр. Екінші жаттықтырушы алу керек деп ойлаймын. Украинадан алса, тіпті жақсы.

- ҚР чемпионатына қалай дайындаласыздар?

- Өзімізде жағдай жоқ болғандықтан, дайындалу үшін тез арада басқа жаққа кету керек. Бағанасы, жаттығуға арналған батуттары, секіру залдары бар жер табу керек. Арзанға шығу үшін мен Оренбург облысындағы Бұзылық қаласын ұсындым. Сол сияқты Пенза, Қазан, Минск және басқа да қалаларда суға секіру орталықтары бар.

Иә, біз кеш келдік, бізге арналған шығындар облыстық бюджетте қаралмағанын түсінеміз. Алайда қашан болса да бір бастау керек қой.

- Күнтізбелік жоспар бойынша басқа қандай жарыстарыңыз бар?

- Шілдеде Қазан қаласында болатын әлем чемпионатына, қазан айында Үндістанда болатын Азия чемпионатына барамыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ  

26 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.