«Бейбарыс» хоккей клубы өз сайтына «Горняк» (Рудный қ.) командасымен өткізген қола медаль үшін плей-офф сериясының екінші матчы нәтижесіне ресми наразылық білдіргені туралы ақпарат жариялады.
«Бейбарыс» ХК сайтында «Қазіргі уақытта Хоккей федерециясының ресми жауабын күтіп отырмыз», - деп қана хабарланған. Клубтың баспасөз қызметі, неге екені белгісіз, бұл туралы ақпарат беруден бас тартты.
Жанжалды матч 6 сәуірде Рудныйда өтті. Бұл серияның екінші матчы болатын және ол 5:3 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Бірінші кездесуде де «Горняк» жеңген (естеріңізге салсақ, үшінші орын үшін күрес бір команданың үш жеңісіне дейін созылады).
Біз «Бейбарыстың» бас бапкері Александр ИСТОМИНМЕН байланысқа шықтық, ол бізге былай деді:
- Екінші кезеңде «Горняк» командасы, өздерінің пікірінше, төреші әділетсіздікке барып жатыр деп мұз алаңынан кетіп қалып, 7 жарым минут ойын тоқтап қалды. Ереже бойынша бас төреші «Горнякқа» ескерту беріп, екі минуттан кейін команда ойынды жалғастырмаса, техникалық жеңіліс есептеуі қажет еді. Бұл жасалған жоқ.
Біз «Горняк» клубымен байланысып, келесідей түсінік алдық:
- Бұл матчта төрелік өте әділетсіз болды. Екі команданың да ойыншыларының ереже бұзушылықтарына көңіл бөлінбеді. «Горняктың» қорғаушысы Ян Ярабектің иығы шығып кетуге дейін барды, бұған ешкім көңіл аудармай, ойын жалғаса берді. Төрешілер ойын тізгінін қолдан шығарып алды, бұл көзге көрініп тұрды, сондықтан да «Горняк» мұз алаңын тастап кетті. «Бейбарыстың» наразылықты неге бірден бермей, келесі күні бергені түсініксіз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ