Атырау, 21 сәуір 05:48
Таңертең ашық+11, күндіз +14
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 379.19  € 426.63  P 5.92

Атырау қаласында дельфин-шоу циркі өнер көрсетті

15 қыркүйек 2011 18:49

Бұл шоудың басты  кейіпкері – Лента есімді  дельфин. Қаласаңыз, билеп те бере алады.  Бірақ біз үшін ең  қызығы бұл дельфиндерді Атырауға қалай жеткізгенін білу болды.

Шоуды тамашалағысы келгендердің көптігі сондай, кейбір кісілерге билет жетпей қалыпты. Бағасы 2000 теңге, тек 3 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады.

ШОУДЫҢ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН ЛЕНТА МЕН ТАФФИ

Дельфинді көруге асыққандар қызықтан құр қаламыз дегендей, шоуды тікесінен тұрып та тамашалады. Айтпақшы, біз басында дельфин-шоу болғасын, көз алдымызға бір емес, бірнеше дельфинді елестетіп едік. Қателесіппіз. Көргеніміз көк брезентпен жабылған темір бассейнде жүзген жалғыз дельфин болды. Сонымен бірге, қимылы ширақ Таффи есімді солтүстік теңіз мысығы да келіпті. Акробатика жасап, жас балаша ойнақтаған Таффи жаттықтырушыға еркелеп, елпең қақты. Көрерменді қуанышқа бөлегеніне мәз. Қанатымен қол шапалақтап, жұлдыз ауруы бар әртістер секілді «менен қошеметтеріңізді аямаңыздар!» дегендей, сахнадан кеткісі жоқ....

Бассейнде жүзіп жүрген Лента есімді дельфинді көрген балғындар әр жерден шуласып қоя берді. Шаттықтан жүздері балбұл жанған олар бассейндегі суға қолдарын тықпалай берді. Шоу жүргізушісі бұл әрекеттің қауіпті екендігін ескертіп үлгерді. Құлағымызды тесіп жіберердей ащы дауысты дельфин болса, бассейнді айнала қанатымен қағып, келушілерге бір амандасып қойды. Одан әрі қарай өзінің жаттықтырушысының бұйрығын бұлжытпай орындаған дельфин бала түгіл, үлкендерді қайран қалдырды.

Шоу барысында дельфиннің орыс халқының «Калинка» әніне қалай құбылып билегенін көрсеңіз ғой! Мың бұралған хор қыздарын еске түсіреді! Және бір емес, бірнеше қимылдар жасап, әуезді ырғақты қалай сезеді десеңізші!

Сәл кейінірек, әйгілі орындаушы Afric Simone-ның «Hafanana» ырғақты әніне дельфинмен бірге билеу үшін көрермендер ішінен төрт-бес қызбала таңдалып алынды. Дельфин де биші қыздардан қалыспады. Ол да жылдам қозғалып, өзінің өнерімен бізді таңғалдырды. Би соңында үздік билеген қызды өзі таңдады. Расында да, кімнің қалай қозғалғанын анық аңғарыпты. Дельфиннің әділ шешімімен жеңіске жеткен қызбала бассейнді үрленген қайықта дельфиннің арқасында бір айналып шығу бақытына ие болды...

Шоу ұйымдастырушылары  табысқа кенелудің кез келген тәсілін ойлап тауыпты. Мәселен, дельфиннің аузымен бояу құралын ұстап, салған «туындысын» көрермендерге аукцион ұйымдастырып, сатып жатты. Әуелі Атырауда бір келі қара балықтың бағасы қанша болатынын сұрады. Әр жерден бағалар құны естілді. Бір бала 200 теңге десе, енді біреулер 500 теңге десті. Осылайша баға көтеріле берді. Бір кезде біреу дельфин салған суретті 6000 теңге деп айтып қалды.«Олай болса, суретті алып кетіңіз!» деген жүргізушінің  қолқалауынан  бас тарта алмаған жас отбасы дельфин туындысын 6000 теңгеге сатып алды.

БІР ДЕЛЬФИНГЕ 1750 ТОННА СУ КЕТТІ МЕ?

 Атырауда шоуды ұйымдастырушылар дельфин үшін арнайы бассейн жабдықтапты. Оны суға толтыру үшін жақын маңдағы құдықты пайдаланған. Су алу үшін қала әкімдігі мен «Атырау Су Арнасы» КМК-нан арнайы рұқсат алғанын айтады ұйымдастырушылар.

Бассейнге 250 тонна су толтырылды. Ондағы суды үш күнде бір ауыстырады. Сонда Атыраудағы тамыздың 20-нан қыркүйектің 11-іне дейін санағанда 21 күн ішінде бассейндегі су 7 рет ауыстырылуға тиіс екен. Демек, 250 тоннаны 7-ге көбейтсеңіз, 1750 тонна су жұмсалды деген сөз.

Салмағы 1 тоннаға тартатын, бойы 4 метр дельфиннің жағдайы үшін бассейндегі көл-көсір суға 6 тонна теңіз тұзы ауыстырған сайын жаңадан қосылып отырады. Мұның бәрі теңіз мұхиты суының дәмін келтіру үшін жасалған. Себебі, дельфиндер Солтүстік мұзды мұхитында өмір сүреді.

ЛЕНТА ҚАЛАЙ ЛЕНТАБОЛДЫ?

Шоу қызығына айналған дельфиннің Лента деп аталуы бекер емес екен. Дельфин осыдан бір жарым жылдай бұрын Солтүстік мұзды мұхитынан қара ленталармен оралып қалған күйі табылғандықтан Лента атанып кеткен. Лента жазда күніне 30 келі, қыста күніне 35 келі жаңа мұздатылған теңіз балықтарымен қоректенеді. Ол үшін бұл балықтарды дельфин ұстаушылар арнайы сатып алады.

Дельфинді жаттықтырушы Павел РУДНИК Лентаның қандай ақылды жануар екенін әңгімеледі: «Лента қазір 8 жаста (ал Таффи - теңіз мысығы 15 жаста – А.А.). Бұл Белуха деген дельфин балығы. Ол кит тұқымдас балық, сүтқоректілер отрядына жатады. Атынан айтылып тұрғандай, өзі біртұтас әппақ дельфин. Белухалар 30-35 жыл ғұмыр жасайды. Дельфин 12-15 жастарында есейіп, ана болуға дайындалады. Олардың адамдарға ұқсастығы – дельфиндерде бас миының оң және сол жақ бөлігі жақсы дамыған. Дельфин ешқашан ұйықтамайды, миының бір жақ бөлігі демалса, екінші жағы жұмыс істеп тұрады. Сондай-ақ, дельфиндер де өз баласын тоғыз ай толғатып көтереді. Оны жас жарымға дейін өзінің сүтімен өсіреді».

Жаттықтырушы дельфиннің саулық жағдайы Мәскеудегі ветеринардың бақылауында екенін түсіндірді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

2497 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет

1 2 3 4 5