Атырау, 20 сәуір 13:03
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Агент» алаңға да шықты

3 024 просмотра

Атырау қаласының орталық алаңдарында Wi-Fi технологиясы бойынша Интернетке тегін кіру аймағы ашылды.

Атырау облыстық «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялар дирекциясының облыстық әкімдікпен бірігіп жүзеге асырған жобасының мақсаты – қала тұрғындары мен меймандарға  жағдай жасау әрі мобильдікпен қамтамасыз ету. Енді адамдар үйге кірмей-ақ, «агенттегі» достарымен сөйлесіп, «одноклассники» немесе «в Контакте» деген іздеу сайттарына кіріп, электронды пошталарын тексере алады.

Wi-Fi технологиясы бойынша желісіз байланыс арқылы Интернетті жалпы пайдалану аймағы «Атырау қаласындағы Wi-Fi желісінің құрылысын жүргізу» жобасының аясында облыстық әкімдіктің бастамасымен пайда болды. Қазіргі кезде желісіз Интернетке тегін кіру қала тұрғындары мен меймандарына танымал тоғыз жерде іске қосылған. Бұлар Исатай-Махамбет, Дина Нұрпейісова алаңдары, облыстық және қалалық әкімдіктердің маңындағы саяжолдар, Құрманғазы саяжолы, Жеңіс саябағы мен Жилгородок бағы, өзен жағалауы мен «Атырау» сауда орталығының маңы. Жыл аяғына дейін қаланың он алты аймағын қамтыған осындай жиырма алты нүкте ашу жоспарлануда.

Атырауда Wi-Fi желісінің құрылысы жөніндегі жобаны қаржыландыру қалалық бюджет арқылы жүзеге асырылады. Бұған қала барлығы 13 млн. теңге жұмсаған.

– Таяу болашақта біз Wi-Fi желісімен ойын-сауық орталықтарын, мейрамханаларды, кафе, сауда орталықтарын қамту үшін қала кәсіпкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Біздің жобамыздың аясында қала тұрғындары демалатын алаңдарда, саяжолдарда, сондай-ақ, вокзал мен әуежайда желісіз Интернетке тегін кіре алады, - деп хабарлады облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ. Ол Wi-Fi желісін іске қосатын күні Исатай-Махамбет алаңындағы рәсімге қатысқан еді.

«Қазақтелеком» АҚ Атырау ОТД бас директоры Ерсайын ДҮЙСЕМАЛИЕВТІҢ айтуынша, іске қосылған нүктелердегі Интернет жылдамдығы секундына 54 Мегабитке жетеді. Бір нүкте аймағында Wi-Fi желісіндегі Интернетті бір уақытта 130 адамға дейін пайдалана алады.

Wi-Fi желісіндегі сымсыз Интернетті пайдалана алу үшін ноутбук немесе Wi-Fi стандарттарын қолдайтын телефон болу керек. Бүгінгі күні Атырау Қазақстанның басқа қалаларының арасында Wi-Fi желісін жаппай пайдалану үшін енгізу жөнінде көш басында тұрғанын атап өткен жөн.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

15 қыркүйек 2011, 18:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.