Атырау, 24 қараша 02:23
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Жас отбасы» екі есеге қымбаттап кетті

6 676 просмотра

Жаңа мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана бағалары екі есеге шарықтап кетті – енді жас отбасыларына мемлекет бір шаршы метр алаңды 90 мың теңгеге сатып алуды ұсынып отыр. Әрине, бұл нарықтағы бағадан арзан. Бірақ бұрын ұсынған бағамен салыстырғанда қымбат - «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтердің шаршы алаңын 56 мың теңгеге сатып алуға мүмкіндік болған еді.

 

Редакциямызға түскен оқырман қоңырауларын тыңдап көрсек:

«Үш жыл бұрын күйеуіміз екеуміз «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер алу үшін кезекке тұрғанбыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бізге бәрін есептеп беріп, үш жыл бойына 30 000 теңгеден ай сайын ақша төлеп отырдық. Жақында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй бөліміне қоңырау шалып, кезегімнің қалай жылжып жатқанын білмек болдым. Ал ондағылар бағдарламаның тоқтатылғанын, енді пәтерлерді барлық салымшылар секілді ипотекалық бағдарлама бойынша алатынымызды айтты. Бірақ, алдымен, бұл пәтерлер қашан болады? Енді уәде етілген 56 мыңның орнына бір шаршы метр үшін 90 мың теңге төлеуімізге тура келіп отыр. Айырмашылық әжептәуір. Осы үш жыл бойына пәтерден пәтерге көшіп келеміз. Енді не істейміз?».

«Біз келісім-шарт жасаған кезде, 1 шаршы метр 55 мың теңгеге шықты. Емшектегі балам бар, бала бағып үйде отырамын, жұмыс істемеймін. Әр тиынымды санаймын, оны да нанға әзер жеткіземін. Неліктен мемлекет бізді осындай жағдайда қалдырады? Және біз неге 56 мың теңге емес, 90 мың теңге төлеуге тиіспіз?».

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Ділмұхамбет БАРБОСЫНОВТЫҢайтуынша, ҚР-да 2008-2010 жылдарға тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аяқталған. Енді 2011-2014 жылдарға тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданыпты.

«2005-2007 және 2008-2010 жылдары тұрғын үй құрылысының екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұлардың соңғысындағы баспана құнының бір шаршы метрі 56 000 теңге құрады. Қазір осы екі бағдарламаны жүзеге асыру аяқталды, - дейді Д.Барбосынов. – Осы уақыт ішінде шаршы метрі 56 мың болатын баспананы балалары бар 372 жас отбасы алды. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның аяқталуына байланысты құжаттарды қабылдау тоқтатылды. Алайда жылдық 4-5 пайыздық мөлшерлемемен «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» арқылы ипотекалық несиемен қолжетімді баспана алуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама өз күшінде. Шаршы құны өсті.

Баспананы әкімдік салып, банк сататын болады. Міндетті шарт – «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» клиенті болу керек. Сондай-ақ, болашақта Батыс Қазақстан облысын үлгі етіп алып, «Жас Отау» бағдарламасы бойынша үйлер салу жоспарлануда. Осы бағдарламаны жүзеге асыру шарттары БАҚ арқылы хабардар етілетін болады».

«Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Алмагүл ӘЛЖАНОВАНЫҢайтуынша, «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша шаршы метр бағасын үкімет белгілейді екен. «Осы жылы 90 мың теңге деп белгіледі. Бағаны арнайы комиссия тағайындайды. Оған «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің», құрылыс істері жөніндегі агенттіктің өкілдері және т.б. қатысады. Алматы үшін, мысалы, комиссия шаршы метрге 142 500 теңге, Астана мен Ақтау үшін – 112 500 теңге, басқа облыстар үшін, соның ішінде біздің облыс та бар – 90 000 теңге белгілеген».

- Келесі жылы Атырау облысында шаршы метр бағасы әлі де көбейеді дейді ғой.

- Ол Астана мен Ақтаудан асып кетеді деп ойламаймын.

- Бірақ олардың деңгейіне жете ме?

- Жоққа шығара алмаймын.

А.Әлжанованың айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша Нұрсая ықшам ауданында бес қабатты екі үйдің құрылысы жүріп жатыр екен. Барлығы 120 пәтер көрінеді. Үйлер 2012 жылдың бірінші тоқсанында тапсырылмақ.

«Келесі жылы  180 пәтер салу жоспарланып отыр, бірақ оның құжаттары әлі бекітілген жоқ, - дейді А.Әлжанова. – Жаңа бағдарламаның мәнісі мынада – құрылыс тек салымшыларға ғана арналатын болады. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік органдардың да, жеке кәсіпорындардың да қызметкерлері қатысады. «Жас отбасы» және «бюджет қызметкерлері» деген түсінік болмайды. Бізден жылдық 4-5 пайызбен несие алғың келсе, біздің салымшы болып, кем дегенде 3 жыл ақша жинауы керек. Мәселен, 4 млн. теңге пәтер құны бойынша үш жыл бойына өз депозитіне ай сайын 50 мыңнан салып отырса, бұл жағдайда несие бойынша төлем 32 мың теңге құрайды».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

15 қыркүйек 2011, 00:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.