Атырау, 5 қазан 03:16
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Техникалық тексерумен жеке фирмалар айналысады

4 223 просмотра

Келесі жылы автокөлік құралдарын міндетті техникалық тексеруден өткізумен жеке фирмалар айналысатын болады. Бұл мәселе кәсіпкерлердің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерімен болған кездесуде талқыға салынды.

Тиісті заң биылғы жылдың басында шыққан еді, алайда елімізде арнайы техникалық тексеру орталықтарының қажетті мөлшері жоқтығын ескерілген көрінеді. 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін бұл процедураны жол полициясының органдары да, жеке техникалық тексеру орталықтары да жүргізе алады.

«Қабылданған заңға сәйкес техникалық тексеру тежегіш жүйесінің, басқару тетігінің, атмосфера шығарындыларының тиімділік параметрлерін автоматты түрде анықтайтын техникалық бақылаудың стационарлы және мобильдік желілері бар жеке құралдарымен жүргізілетін болады», - дейді облыстық әкімдіктің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар тасымалы бөлімінің бастығы Құсайын ШАЛМАНОВ.

Мұндай қызметті жүзеге асыруға рұқсатты ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша «Каспий» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы береді. Атырау облысында 127 техникалық қызмет көрсету стансалары бар (Атырау қаласында 89, Жылыой ауданында 22, Исатай ауданында 6, Махамбет, Индер және Құрманғазы аудандарында 3-уден, Қызылқоға ауданында 1-еу). «Заңды тұлғалар осы мәселе тұрғысында қызығушылық білдіріп отыр. Мәселен, «Қазақстан Республикасы көлік құралдарының жүргізушілер одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалы,  «Бипек Авто» және тағы басқалары өңіраралық инспекцияға сұраныстар жолдап жіберді», - деп атап өтті Қ.Шалманов. Облыста 76 мыңдай автокөлік құралдары тіркелген, соның ішінде 56,5 мыңы жеңіл, 12,5 мыңы жүк көліктері, 4406-сы автобус пен шағын автобустар, 1,5 мыңы тіркемелер және 607-сі мотоцикл. Жыл басынан бері техникалық тексеруден өтуге 37 мың автокөлік иелері өтініш берген, оның 24169-ы тексеруден өткен, ал қалғандары жыл аяғына дейін өтетін болады.

Жиналғандардың басым көпшілігі техникалық қызмет көрсету стансаларының қожайындары боп табылатын кәсіпкерлерге техникалық тексеру стансасында қандай жабдық міндетті болуы керек екендігі қызықтырды. Бұл жабдықты алуға және оны тиесілі органдардан тексеруден өткізуге көп ақша керек. «Біздің бұрын да техникалық тексеруден өткізумен айналысқанымызға және бізде арнайы жабдық бар екендігіне қарамастан, оны жөндеуге және тексеруден өткізуге жарты миллиондай теңге төлеуге тура келді. Бірақ бұл техникалық тексеру стансасын жарақтау үшін жұмсалатын соңғы шығын сомасы емес», - дейді сеніммен «Атырау-Лада» ААҚ басшысы Есен ҚОШҚАРОВ. «Машиналар қазір кеңес дәуіріндегідей емес. Жөндеу екі сымды жалғаумен шектелмейді. Біз 8 жылдан бері қарай автосервиспен айналысып келеміз. Осы уақыт ішінде компьютерлік диагностикасы бар заманауи сервистік орталықтар құру керек деген тұжырымға келдік. Германиядан серіктестер таптық, олар жаңа жабдықтар сатып алу керек,  халықаралық стандарттар бойынша өндірісті қайта жарақтау керек деген қатаң талап қойды. Бірнеше аптадан кейін қайта жарақтауды бастамақпыз», - деп, атыраулық бизнесмен Зураб БОБОХИДЗЕ өз тәжірибесімен бөлісті.

Алайда жұмыс жасап тұрған стансалар өз аумағында міндетті техникалық тексеру қызметін көрсетуге құқылы емес деген заң ережесі көп дау туғызды. Қисын бойынша техникалық тексеру қосындарын ашатын алғашқы үміткерлер ретінде станса қожайындары болуы тиіс қой. Олардың бұл үшін орынжайлары, жабдықтары мен мамандары бар. Кейбір бизнесмендер осы талапқа сай келу үшін аумақты қоршап, жаңа жеке кәсіпорынды тіркеу жеткілікті деп есептейді. Ал басқалары болса, мұндай жағдайда жаңа жабдықтар сатып алуы қажет, өйткені қолданылып жүрген диагностикалық жабдықтар станса аумағында орналасқан деп қарсылық білдірді.  Бірақ бұл экономикалық тұрғыда тиімсіз, өйткені осы стансаға клиенттердің көп келетіндігіне кепілдік жоқ. Сөйтіп ол көп уақыт жұмыссыз тұрып қалуы мүмкін. Көліктік бақылау инспекциясының өкілі Зұлқарнай МҰҚАШ міндетті техникалық тексеруді жөндеумен қатар жүргізуге болмайды деген ескерту берумен шектелді. Бірақ ол бұл мәселені заң аясында қалай ажырату керектігін түсіндіре алмады. Соған қарағанда, мүдделі кәсіпкерлерге осы мәселелердің барлығын сынақ түрінде ме, іс барысында  жіберер қателіктері арқылы ма, өздеріне шешуге тура келетін сияқты. Өйткені белгіленген мерзімге дейін үш ай уақыт қалды. Осы бизнесті неше кәсіпкер жолға қоймақ және олардың бизнестері қалай өркендеп жатқанын біз келесі жылы білетін боламыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 қыркүйек 2011, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.