Нұрсая тұрғындары «Құрман Сервис» ЖК ПИК орнына келген «Құрмаш Сайлау» КМК-ның тарифтеріне наразылық білдіріп, бұрынғы тарифтің cақталуын талап етуде. Олай болмаған жағдайда ПИК-ті орнынан қозғамауын сұрайды.
Айта кету керек, нұрсаялықтар бұрын ПИК-ке коммуналдық қызметі үшін 25 теңге, суды ысытуы үшін 70 теңге 99 тиын, жылу жүйесі үшін 47 теңге төлеп келген.
«Құрмаш Сайлау» КМК-ның ұсынған тарифіне сай енді : коммуналдық қызметке 28 теңге, суды ысытуға 135 теңге, жылу жүйесіне 72 теңге төлеулері тиіс екен. Ал Нұрсая ықшам ауданындағы пәтерлердің жалпы тұрғын үй алаңы кем дегенде 90 шаршы метрді құрайды. Тұрғындар осы төлемдерді әр шаршы метрге көбейткенде қанша мың теңгеден төлеуге мәжбүр болатынымызды есептей беріңіз дейді.
Мақат ауданына қарасты Комсомол ауылынан көшірілген тұрғындардың бірі Тұраш МҰҚАНОВА КМК-ның жекеменшік үйлерді қозғауға хақысы жоқ деп шамданды.
- Мен көп балалы анамын. Алатын табысым азғантай. Балаларым мектепте оқиды. Менің тұрып жатқан пәтерімнің тұрғын үй алаңы 100х15 шаршы метрді құрайды. КМК тарифі бойынша 100 шаршы метрге 7200 теңге, басқа қызметіне 7000 теңге төлейді екенмін. Сонда мен алатын 20 мыңның 15 мыңын коммуналдық қызметке төлеймін. Ал менің одан бөлек телефонға, жарыққа, салқын суға, газге, қоқыс жинағанға төлейтінім бар емес пе? Сонда ар жағында балаларыма алатын тамақ пен киімнің ақшасын қалай жеткізем? – деп қордаланған проблемалардың шетін шығарды ол.
Тағы бір көп балалы аналардың бірі Тоғжан ДОЩАНОВА да тариф бағаларының өзгермеуін сұрайды. «Нұрсая ықшам ауданында қаншама жалдамалы үйлер бар. КМК соларды өз қарауына алсын. Ал бізге тиіспесін» дейді ол да.
Алайда, жалдамалы үйлердің бірінде тұрып жатқан жас мұғалім Айнагүл АМАНҚОСОВА тариф бағасының қалтаға соғатынын айтып отыр:
- Біз аренданың ақшасын және КМК қызметінің екі есе төлемақысын қоса есептегенде, оған алатын жалақымыз жетпейін деп тұр. Мен тұрғын үй алаңы 90 шаршы метрлі пәтерде тұрамын. КМК-ға төлейтін ақшамыз 6000 теңгеге шығып кетеді. Аренда үшін ай сайын 4000 теңге тағы төлейміз. Біз әлі КМК-ға ештеңе төлеген жоқпыз.
Одан бөлек, тұрғындар бір айдан аса уақыт ыстық сусыз отырғандарын және кейбір үйлердің шатырлары жартылай жабылып, әрі қарай жұмыстың тоқтап тұрғанын айтты. «Құрмаш Сайлау» КМК-ның заңгері Роза ҚАМЗАҒАЛИЕВА тариф бағасын көтеруге негіз болған 2008 жылғы қалалық ПИК Ассоциациясы мен ПИК-тер арасындағы бірлескен шешімде көрсетілген төлемақылар мөлшері екендігін атап өтті. Онда 2000 жылға дейінгі тұрғызылған тұрғын үйлерге әр бір шаршы метріне кем дегенде 25 теңгеден, ал 2000 жылдан кейінгі үйлерге 50 теңгеден кем болмауы тиіс делініпті.
Одан бөлек, заңгер қазіргі күні қала әкіміне КМК мен ПИК-тің қызмет етуіне жататын үйлердің тізімі көрсетілген қаулы шығарып беру туралы ұсыныс жолдағанын мәлім етті. Заңгердің айтуынша, Нұрсаядағы үйлердің көбі жалдамалы. Тек төрт үй ғана (№№ 4,6,7,8) жекеменшік. «Жалдамалы үйлердің тұрғындары бізден бас тарта алмайды. Ал жекеменшік пәтерлер тұрғындары КМК тарифімен келіспесе, жиналыс ашып, өзара ПИК құрып алсын» дейді ол. Сондай-ақ, «Құрман Сервис» ЖК ПИК-нің 2 млн.-ға жуық қарызы жиналып қалғанын айта келе, соның кесірінен жұмыстарын шілденің 1-нен бастағанымен, жалақыларын ала алмай отырғандарын айтты.
Ал шатыр жағдайына қатысты заңгер КМК төрағасы Сайлау ҚҰРМАШ бүгінгі күнде шатырларды жабу жұмыстарын қалайда аяғына дейін жеткізуге уәде еткенін айтады.
«Құрман Сервис» ЖК ПИК төрағасы Болат МАҚСҰТОВ болса, жұмыстарын КМК қалалық әкімдіктің шешімі бар деп тоқтатып тастағанын айтты. «Енді не істейтінімізді білмеймін. Тұрғындар тарапынан коммуналдық қызмет төлемдерін кешеуілдету болады ғой. Қазір тұрғындардан қарыздарды жинап жатырмын», деп түсіндірме берді ол.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор