Атырау, 13 қазан 06:17
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Ақылға сыйымсыз сметалар тұрғындарды таң қалдырды

2 324 просмотра

Үйлерді термомодернизациялау жөніндегі жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Тұрғындарының көпшілігі дерлік келіскендей болған көп қабатты 10 үйдің әлі сметалары бекітілмеген. Ал мердігерлердің арандары ашылуда. Мәселен, Смағұлов, 56 (Құлыбаев үйі) тұрғындарына осындай компаниялардың бірі 83 млн. теңгеге смета жасақтап беріпті.

– Мұндай сомаға бес қабатты үй салуға болады, - дейді «Еламан» ПИК-інің төрайымы Жаңыл БЕКБАЕВА. – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері тұрғындарымызбен алғашқы жиналыс өткізген кезде, мердігер мен құрылыс материалдарын өздерің таңдайсыңдар деп айтқан еді. Бірақ бізге мұндай мүмкіндік берген жоқ. Қалалық әкімдік мердігер «СнабОйл» компаниясын өзі таңдады. Олар 83 млн. теңгеге смета жасапты. Тұрғындар мұндай сомаға келіспейді. Оған шатырды ауыстыру, үйдің қасбетін жылы қабатпен орау, подъезді, электр қалқандарын жөндеу, сондай-ақ подъезд баспалдақтарын бекіту жұмыстары кіреді. Өйткені біздегі 5 подъездің баспалдақтары бірден 2-ші қабатқа көтеріледі. Бүкіл бірінші қабатқа заңды тұлғалар орналасқан. Үй 84 пәтерлі. Әр пәтерден (заңды тұлғаларды қосқанда) шамамен ай сайын 10 000 теңгеден шығады. Мұндай төлемге ешкім де келіспейді.

Тағы бір жайт. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі үйімізге төлқұжат жасап берді, бірақ ондағы шаршы метрлер біздегі мәліметтермен сәйкес келмейді. Мәселен, бір жерде 60 шаршы метр деп көрсетілсе, енді бір жерде 80 шаршы метр деп көрсетілген. Мұндай қарқынмен біз үйді күрделі жөндеуден өткізуге үлгереміз бе екен, оған сенімді емеспін. Алайда сынақ түріндегі жоба болғандықтан, бұл тұрғындарға тиімді. Өйткені олар ақшаны пайызсыз қайтарады. Мен оларға, егер келесі жылға қалсаңыздар, онда пайызбен төлейтін боласыздар деп айтып жатырмын, - дейді Ж.Бекбаева.

«Өте көп келісім-шарттар  жасау керек, - дейді Сәтбаев бойындағы  50-үйге қызмет көрсететін «КС Бытсервис» ЖШС төрайымы Шолпан ТОҚСЕЙІТОВА. – Бірақ біздің тұрғындармен әлі ешкім келісім-шарт жасаған жоқ. Әлеуметтік қорғау бөлімінің өкілдері де барлық тұрғындар санатын тексерулері тиіс еді. Олар түгелдей шарлап шықты деп айта алмаймын. Біздің үйіміз бойынша құжаттарымыз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қарауында жатыр. Тек 70 пайыз тұрғындар ғана келісті».

 

ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІКІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Тұрғын үй көмегін кімдер ала алатынын білу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек.

Қалалық халықты әлеуметтік қорғау  бөлімінің жәрдемақы төлеу жөніндегі жетекші маманы Айнагүл ӘДІЛҒАЛИЕВАНЫҢайтуынша, тұрғын үй көмегі табысына қарай зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасыларға тиесілі. «Отбасындағы бір адамның төменгі табысы күнкөріс минимумынан (18 479 теңге) аспауы тиіс, - дейді ол. – Алты адамнан тұратын отбасын мысалға алып көрейік. Айталық, төрт баласы бар отбасында күйеуі 50 мың теңге тапса, әйелі жұмыс істемейді. Әйелі көп балалы ана ретінде 6 006 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Отбасының жалпы кірісі 56 006 теңгеге тең. Егер біз осы соманы бүкіл отбасы мүшелеріне бөлсек (6 адамға), онда күнкөріс минимумынан аз сома шығады. Яғни, бұл отбасы аз қамтылған деп есептеледі. Енді тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептейік. Коммуналдық қызметтер отбасының ортақ табысының 6 пайызынан аспауы тиіс болғандықтан, ортақ табыстан (56 006 теңгеден) 6 пайызды (3 360 теңгені) алып тастаймыз. Осы сомадан бір айға коммуналдық қызмет шығындарын (пәтер ақысы, жарық, газ, су, телефон және т.б.), шамамен 6 000 теңгені шегереміз. Одан 3 360 теңгені алып тастаймыз. 2 639 теңге қалады. Бұл осы отбасының айлық тұрғын үй көмегінің сомасы».

Халыққа қызмет көрсету орталығына ұсынылатын құжаттар: үй кітабы, пәтер құжаттары, алаң көлемі көрсетілген пәтер жобасы, телефонға типтік келісім-шарт (егер бар болса), балаларының туу туралы куәліктері (көшірмелері), жеке бас куәліктері мен ЖИН, алдыңғы тоқсан бойынша табысы, өтініш берушіде бір пәтерден артық мүлік жоқ екендігі туралы №1 форма. Сондай-ақ, Қазпоштадан жеке есеп-шот ашып, үлгі бойынша сауалнама-өтінішті толтыру керек. Және ең бастысы - өтініш беруші пәтердің жеке меншік иесі болуы тиіс.

Барлық құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырғаннан кейін бір күннен соң қалалық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің жәрдемақылар төлеу бөліміне бару керек. Бір-екі күннен кейін сіз тұрғын үй көмегін ала аласыз ба, жоқ па, сізге хабардар етеді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

8 қыркүйек 2011, 17:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.