Тапсырыспен шақырылатын атыраулық таксилер 100 теңгеге қымбаттапты. Басты себеп – бензин құнының өсуі. Дегенмен де, таксистер осыған сілтеп отыр.
– Біз тарифтік кесте бойынша жұмыс істейміз. Клиенттерге арналған төлемақы белгіленген және ол жол ұзақтығына байланысты болады, - дейді такси қызметін көрсететін атыраулық компаниялардың бірінің басқарушысы. – Рацияға, бензинге, машинаны ұстау мен жөндеуге кететін шығындар бізде де, басқа компанияларда да толықтай таксистердің мойнына жүктелген. Бензин айтарлықтай қымбаттап кетті. Дегенмен де, төңіректегінің бәрі де қымбатсып жатыр, таксистер болса жалақыларының аз екендігіне наразылық білдіріп отыр. Үш жүз теңгелік тапсырыстардан бас тартады, ешкім де мұндай бағамен жұмыс істеуге келіспейді. Сондықтан да біз бағаны көтеруге мәжбүр болдық.
Дегенмен, кейбір таксомоторлы компаниялар әзірге бұрынғы бағаларды ұстап тұр, осылайша олар өз қызметтерінің бағасын көтеріп жібергендердің клиенттерін жаулап алған.
«Көтеру керек пе, жоқ па» деген мәселеге бастарын ауыртпайтындар көше «таксистері». Әрине, көтеру керек дейді олар.
- Бензин мұндай бағамен тұрса, көп жүре алмайсың, - дейді таксист Нариман. – Мен жүз теңгеге жоғары сұрайтын болдым. Балаларымның көйлегі көк, қарындары тоқ болса деймін.
– Ал клиент үшін алаңдамайсыз ба?
– Біздің қызметімізді пайдаланатындардың бұған жағдайы жетеді. Кімнің жағдайы жетпесе, сол автобуспен жүреді. Оның үстіне жүз теңге деген не болыпты? Екі бөлке нан немесе бір бөтелке салқын шайдың бағасы ғой. Сондықтан таксимен жүріп үйренген адам артық жүз теңге үшін автобусқа отырмайды және жаяу жүрмейді.
Бағаларға келер болсақ, енді шамамен олар мынадай: вокзал – Авангард – 600 теңге (бұрын 500 болды), Жилгородок – Балықшы – 500 (400 болды); Рахаттан Абай алаңына дейін бұрын 300 теңгеге баруға болатын еді, енді ол 400 теңге болды; Абай алаңы - Авангард – 400 (300 болды), Балықшы – «Ақ Жайық» қонақ үйі – 500 (400 болған еді).
Жарты жыл бұрын біз таксистердің бағалары қалай қалыптасатындығы туралы талдау жасап («АЖ» №9, 2011 ж. 3 наурыз, «Бағаға да «тежегіш» керек»), жол жүрудің өзіндік құны 10 км қашықтыққа 46 теңге құрайтынын анықтаған едік.
Таксистер сұрайтын төлемақы мен жолдың өзіндік құны арасындағы айырмашылық он екі есе құраған болатын.
Жарты жыл бұрын АИ-92 бензині орташа алғанда 90 теңге болды, енді ол 106 теңге. Айырмашылық - бар болғаны 16 теңге, ал жолақы 20 пайызға қымбаттаған. Бұл келісім арқылы қалыптасқан ахуал емес пе екен?
Тамара СУХОМЛИНОВА