Танымал «Жұлдыздар фабрикасы» жобасының отандық нұсқасының жартылай финалындағы іріктеу конкурсында жерлесіміз Руслан БЕРДИМАТОВ мыңдаған басқа үміткерлерді басып озған еді.
Осы аттас ресейлік шоу Стас Пьехаға, Виктория Дайнекоға, Ирина Дубцоваға, Наталья Подольскаяға және басқа да қазіргі танымал жас орындаушылардың өміріне жол ашқаны белгілі. Біздің тележобамыздың негізін салушылар қазақстандық шоу-бизнестің төрінен жаңа жұлдыздарды жарқыратуды мақсат етіп қойған. Жетінші арнадан берілетін тележобаның іріктеу конкурстары бүкіл елімізде өткенін естеріңізге саламыз. 16 жастан 23 жасқа дейінгі дауыстары жақсы мыңдаған жігіттер мен қыздар бақтарын сынап көріп, жартылай финалға 60 адам шыққан еді.
«Қазылар алқасы 10 адамнан тұрады, соның ішінде Байғали СЕРКЕБАЕВ, Ринат ҒАЙСИН және ресейлік продюсерлер бар. Толқығандықтан дәл кімдер кім екенін түсінбедік. Жобаны ұйымдастыру өте байыпты түрде өтті. Оған қоса қатысушылар қатаң төрелік етіп жатқандығы туралы бір-біріне әңгімелеп, үрейлендіріп қойды. Бізге қандай әндер дайындау керектігі туралы айтқан жоқ, әр қатысушы акапелламен, яғни, музыкалық сүйемелдеусіз өнер көрсетті. Егер үміткер төрешілерді қызықтырмаған болса, онымен бірден қош айтысады. Егер қызығушылықтарын оятса, тағы да ән айтуын, билеп беруін, т.б. өтінген. Мен үш ән орындадым. Соның бірі өзім шығарған «Ты моя» деген әнім болды. Би билеп, фортепьянода ойнадым», - деп әңгімеледі Руслан.
Мәреге тек 16 қатысушы ғана шыға алады. Оларды музыка әлеміне танылған өнер иелерінің шеберлік кластары, вокал, актерлық және сахналық шеберлік, сөйлеу техникасы сабақтары өткізілетін арнайы үйге орналастырады. Конкурсанттар үнемі телекамераның нысанасында болады. Жігіттер мен қыздардың шығармашылық жетістіктері, сондай-ақ, олардың ұжым арасындағы өзара қарым-қатынастары туралы барлық материалдарды көрермендер тележобаның арнайы күнделігінен көре алады. Бірақ бұл туралы кейін. Ал келесі аптада біздің Руслан Бердиматов «Жұлдыздар фабрикасының» финалынан өтті ме, жоқ па, білетін боламыз. Русланға сәттілік тілейміз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген В. Истомин