Атырау, 28 желтоқсан 00:15
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қора өртенді, пішеннің күлі қалды

10 691 просмотра

Кеше, 31 тамыз күні сағат таңғы 5 шамасында Индербор поселкесінің «Көктем» мөлтек ауданы тұрғындарының қора-жай, пішендері белгісіз жағдайда өртке оранды.

Оқиға болған жерде болып, жапа шегушілермен әңгімелескенде бұл жай өрт болмай шықты. Өйткені, мөлтек аудандағы бірнеше көшедегі бір уақытта болған жалынды әдейі ұйымдастырған деген пікір қалыптасуда.

- Таңғы бестер шамасында қора басындағы пішеніміз өртеніп жатты. Өрт сөндірушілер келгенімен, су бітіп қалып, олар қайта келгенше қораның төбесі, бір машина шөп түгелімен жанып кетті, - дейді зардап шеккен тұрғын  Мұрат МҰХАМЕДИЯРОВ.

Сол күні 6 үйдің қора - жай, пішендері өртенген. «Көктем» мөлтек ауданындағы Құрманғазы, Ақжайық, Нұрпейісова көшелерінде болған өрт бір уақытта орын алғандығы ойланарлық екенін тұрғындар Есенжан СЕРҒАЗИЕВ, Гүлбану ҚУАНЫШБЕКОВА, Нұржауған БОРАНҚҰЛОВАЛАР жасырып отырған жоқ. Ауданда әртүрлі алып-қашпа сыбыстар желдей есіп тұр.

Аудандық ТЖ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ізбасар САҚЫПҚАЛИЕВбұл қасақана жасалған өрт деп мәлімдеді. Өрттің неден шыққандығы сараптама бойынша екі айда анықталмақ және келтірілген шығын да есептелуде.

 Оқиға барысы тексерілу үстінде. Полиция шұғыл жұмыс жасауда. Күдіктілер бар. Жұмыстанып жатырмыз. Анықталса қосымша хабарлайтын боламыз. Ашығын айту керек, бұл экстремистік топтардың ісі емес, соны ғана айта аламын, - дейді Индер аудандық ІІБ бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛЛИН.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор      

1 қыркүйек 2011, 16:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.