Атырау, 28 желтоқсан 00:34
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Тәуелсіз кезең - фотосурет тілінде

4 520 просмотра

Тамыздың 26-сы күні облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Әлем қауымдастығы мойындаған Қазақстан» атты фотокөрме ашылды. Сонымен бірге, Конституция күніне арналған жергілікті суретшілердің «Алтын заңым - ардағым» тақырыбындағы туындылар көрмесі ұйымдастырылды.

Елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени даму жолын айшықтайтын фотокөрме ҚР мәдениет министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның бастамасымен республикамыздың әр аймағында өткізіліп келеді.

Фотокөрмеде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы ірі тұлғалармен кездесулері, бейресми фотодеректер орын алған. Мәселен, интернетке кең тараған – елбасының домбыра шертіп отырғандағы суретін айтуға болады. Одан бөлек, әлем сахналарын бағындырып жүрген еліміздің мақтанышына айналған мәдениет өкілдерінің шабытты сәттері бейнеленген фотолар ілінді. Тізе берсек, елдің жетістігінен сыр шертетін тарихи фотолар тізбегі баршылық.  

Көрменің ашылу салтанатына Астанадан арнайы келген «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның әкімшілік-құқық бөлімінің бастығы Хадиша ЕРСЕЙІТОВАНЫҢ айтуынша, қарастырылған мыңға жуық фотолардың ішінен көрмеге қоюға екі жүздей фото таңдалған. Көрмедегі ресми фотолардың авторлары - «Казправда» газеті мен «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің фототілшілері Игорь Бургандинов пен Виктор Фединин. Ал қалған фотолар ҚР мәдениет министрлігі мен аталмыш қордың мұрағатынан алынған.

Көрмедегі фотосуреттер жергілікті музейдің қорында сақталады. Фотосуреттер көрмесі мен жергілікті сурет-шілердің көрмесі 9 қыркүйекке дейін жалғасады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген В. Истомин

1 қыркүйек 2011, 23:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.