Атырау, 28 желтоқсан 00:49
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Алаңдағы шаралар және ел аузындағы әфсаналар

2 914 просмотра

30 тамыз күні кешкісін Исатай-Махамбет алаңында мереке күндері үшін тосын жай болды. Сағат 20.30-ға қарай сахна бос қалып, аппаратуралар әкетілді. Концерттің болғандығын тек жиналмаған турникеттер мен көрермендерге арналған орындардан ғана білуге болады. Алаң маңынан милиция жасақтары байқалмады, тек Сәтбаев даңғылының бойындағы жолда жол полициясының көлігі тұрды.

Тауарларын орындықтарға, тіпті, кейбірі жерлерге жайғастырған ойыншықтар мен тәттілер сатушылардың мереке күндері жақсы сауда жасаймыз деген үміттері ақталмады. Олардың айтуынша, әдеттегі демалыс күндерінде жүретін адамдардан да аз жиналыпты. Кешкі сағат жетіде басталған мерекелік концерт тез аяқталды.

– Сағат алтыда үйге бара жаттым. Алаңда сол кезде дайындық жұмыстары жүріп жатқан еді. Сахнаны құрып, аппаратураларды орнатып жатқан болатын. Сағат тоғыздарға қарай отбасымды алып шықсам, мерекенің қызған шағына тап болатындығыма, содан соң бәріміз бірге отшашуды көретінімізге сенімді болатынмын. Сөйтсек, бәрі баяғыда бітіп кетіпті. Балалардың аттракциондарда еркін ойнап, батутта қалағандарынша секіргені ғана қуантты. Екі апта бұрын секіруге кезегі жеткенше жарты сағаттай күтуге тура келетін еді, - деп әңгімелейдіқала тұрғыны Владимир ВАСИЛЬЕВ.

– Қала тұрғындарының жиналмауына ертеңіне жұмыс күні болатындығы, бәлкім, Оразадан кейін жарылыс болады деген қауесеттердің тарағаны себеп болған шығар. Қалай болғанда да бүгін адамдар аз болды, - деп пайымдайды алаңға жақын маңда тұратын және балаларымен күн сайын дерлік осы жерде серуендейтін Людмила мен Наталья. Олар қауесеттен үрейленбейді екен, бір жағдай бола қалса, пәтерлеріне паналап үлгереміз деп ойлайтын көрінеді.

Өздерін Артур мен Ислам деп таныстырған жігіттер бүкіл қаланы дүрліктірген әңгімелердің тек үрей ұшыратын қауесет қана екендігіне сенімді.

– Кеше алдымен «Дина» базарын, содан соң теміржол вокзалын, «Насиха» базарын және әлдебір маршруттағы «Газельді» жарып жіберді десіп жатты. Бірақ бәрі аман-есен ғой.

Айтпақшы, кездейсоқтық па, әлде мереке күндеріне байланысты болды ма, 30 тамыз күні кейбір сауда үйлері жабық болды.

Қалима апа қала шетіне шаруаларымен шыққан екен, ал кешкісін үйіне Махамбет трассасымен қайтып келе жатқанда Атырауға кірер жолда құм салынған қапшықтардан жасалған бөгеттерге кез болыпты. Бронежилет пен бетперде киген арнайы жасақтар құжаттарды тексеріп, ештеңе түсіндірместен, тезірек үйіне жетуге кеңес берген. Бірақ ол кеңеске құлақ аспай, қаладағы ахуалды білу үшін алаңға әдейілеп келген екен:

– Қазір ештеңе де болмайтынына сенімдімін. Ең үрейлісі құпия дайындалып, күтпеген жерден орын алады ғой.

Дегенмен, адамдарды жұрттың бәрі айтып жүрген акцияның қаупі ғана емес, біздің тыныш та төзімділігімен даңқы шыққан мемлекетімізге бұрын теледидардан ғана естіп жүрген «лаңкестік қаупі» төнгені алаңдатып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

1 қыркүйек 2011, 22:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.