Атырау, 23 қараша 08:47
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда 30 - ға тарта адам ұсталды. Іздеу жарияланғандардың бірі ІІМ-не шағымданды

3 810 просмотра

Құқық қорғау органдарының ресми емес хабарламалары бойынша соңғы бірнеше күннің ішінде тек Атырау және қала маңындағы елді-мекендерден радикальды діни топтармен байланысы бар деген күдікпен 30-дай адам ұсталды. Бұл шараның басым бөлігі тікелей көшелерде және қоғамдық көліктерде жүргізілді. Ал бұл халыққа қосымша үрей туғызды. Ұсталғандардың көпшілігінің лаңкестік туралы ешқашан да ойламаған болуы, тек жай ғана сыртқы түрімен ерекшеленуі  де мүмкін еді. «Алдын-ала жүргізілген шаралар» барысында көз қырына кез болғандары да жоқ емес. Олардың барлығы да  күні бүгінге дейін тергеу изоляторында  отыр, деп хабарлайды бізге ресми емес ақпарат көздері. Бүгінгі күні барлық күш құрылымдарының баспасөз қызметтері табанды түрде үнсіздікті сақтап отыр.

22 тамыз күні іздеуге жарияланғандардың бірі – дәлірек айтсақ, Арман Нұрғалиев 25 тамызда-ақ, Интернет арқылы  Ішкі істер министрлігіне хат жолдаған (оның үндеу-хатын қалай бағаласа да, тіпті, оны айлакерлік жол десеңіз де болар, төменде министрлік блогындағы хаттың толық мәтіні беріліп отыр):

Арман Нұрғалиевтің Ішкі істер министріне жолдаған үндеу-хаты

Мен, Нұрғалиев Арман Мақсотжанұлы, Атырау қаласында 1983 жылы 19-шы қазанда дүниеге келгем. Сізден менің проблемамды шешуге араласуыңызды сұраймын. Өйткені, соңғы уақыттар ішінде менің дәстүрлі исламды ұстанғаныма қарамастан, радикальды діни ағым «уахабизмді» ұстанушы ретінде соңыма түсті. Менің отбасым, үш балам бар, әйелім қоғамдық тәртіптің талаптарына сәйкес, бетін бүркемелемей киінеді. Менің өзім зиялы отбасынан шыққанмын, әкем – инженер-мұнайшы, анам болса, ғылыми дәрежесі бар, жоғары оқу орынының мұғалімі, мен оларға құрметпен қараймын, олармен бірге тұрамын.

Мен нағыз қазақстандық болып табыламын, сайлауға барамын, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдаймын. Ешқашан да құқық тәртібін бұзған емеспін, заңға қайшы келетін әрекеттермен айналысуға ешқандай себеп те, ниет те жоқ. Мен бірі 5 жаста, екіншісі 2 жасқа келген және ең кішісі 5 айлық балаларымды тәрбиелеумен айналысамын.

Өзім Атырау мұнай және газ институтын бітірдім. Басқа көптеген жастар секілді мен де шетелде білім алғым келді. Сөйтіп, мен Каир қаласындағы Асхар университетіне араб тілі мамандығы бойынша оқуға түстім. Алайда, ата-анамның талабы бойынша оқуды тастауыма тура келді, содан елге оралдым. Мен отбасындағы жалғыз ұлмын, қазір ата-анам мен өз отбасымды асыраушымын. Оқу барысы кезінде радикальды ағымдарға деген ешқандай қызығушылығым, байланысым  болған жоқ. Египеттен келгеннен кейін мені бірнеше қайтара ҰҚК-не әңгімелесуге шақырды. Онда мен оларды қызықтыратын жайттарға қатысты ақпараттар бердім. Қолымды жүрегіме қойып айтарым, ол жақта жүргенімде менің оқудан басқаға қолым тимеді, өйткені, тілді үйрену барлық уақытымды алды. Шетелде жүріп мен туған Отанымды қатты сағынатынмын, мені елге қайтарып алған ата-анама алғысым шексіз. Әлемде болып жатқан жағдайларды көре отырып, мен кез-келген зорлық пен лаңкестікке мүлдем қарсымын. Менің түсінігімде ислам – бұл бейбітшіліктің, ізгілік пен қайырымдылықтың, өзара түсіністік діні. Мен өзімнің әлдебіреулердің арам ойларының немесе бұрмаланған фактілердің құрбаны болмауға және менің Қазақстан Республикасы азаматы ретінде құқықтарымның сақталатындығына шын жүрегіммен үміт артамын. Менің екі атам да Ұлы Отан соғысында болған, менің көзқарасым мен менталитетімнің жетілуіне және дамуына нақты бір үлес қосқан адамдар. Сондықтан да мен өз ата-бабаларымның ұстаған жолынан ешқашан да таймаймын.   

Құрметпен   Нұрғалиев А.М.

25 тамыз 2011 ж.

1 қыркүйек 2011, 22:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.