26 қаңтарда Теңіздегі вахталық поселке емханасында орын алған мердігер мекемелердің бірінің 41 жастағы жұмысшысының өліміне қатысты қылмыстық іс көтерілмек («Теңізде жұмысшы менингит инфекциясынан көз жұмды»).
Істің нақты қай бап бойынша көтерілетіні сот-медициналық союдың ресми нәтижелеріне байланысты, олар жақын арада белгілі болмақ. Қайтыс болған Шығыс Қазақстан облысының тұрғынының денесі жер қойнына тапсыру үшін туыстарына берілді. Бұл туралы Жылыой ауданы прокурорының орынбасары Жәнібек ҚАРАЖАНОВ хабарлады.
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢайтуынша, алғашқы қойылған «Менингит. Менингококкцемия» диагнозы бактериологиялық зерттеуден кейін расталды. Екінші науқас, 23 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны қазір сауықты. Ауру ошағына жүргізілген эпидемиологиялық бақылау тоқтатылды. Жазылған жұмысшы, сонымен қатар, байланыста болып, емханада карантинге оқшауландырылған тағы үш жұмысшы өз жұмыстарына оралды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ