26 қаңтарда таңертең мердігер «Имстальком» ЖШС-нің екі жұмысшысы – 41 жастағы Р. мен 23 жастағы Т., екеуі де Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жұқпалы ауру белгілерімен ТШО вахталық поселкесінің емханасына түсті. Кешікпей олардың үлкені көз жұмды.
Екіншісін алдымен орталық аудандық ауруханасына, содан кейін облыс орталығына жеткізді, оған «Менингит. Менингококкцемия» деген диагноз қойылды. Ем жүргізілуде.
«Науқастардың белгілері мынадай: дене температурасы 37 градусқа дейін көтерілген, әлсіздік, денесі мен аяқтарында гемморагиялық бөртпе болған, - деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. – Олармен байланыста болған 3 адам ТШО емханасына оқшауландырылды және дәрігерлердің қатаң бақылауына алынған. Оларда әзірге сырқат белгілері анықталған жоқ. Атыраудан Жылыой ауданына инфекционист, эпидемиолог, вирусология мен бактериологиялық зертхана меңгерушілерінен құралған арнайы дәрігерлер бригадасы іссапармен жіберілді. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің хабарламасы бойынша ахуал бақылауға алынған».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ