«Әлем аруы-2014» байқауының тәжіне ие болған арудың есімі белгілі болды. Бұл атаққа 22 жастағы Колумбия азаматшасы Паулина Вега лайық деп танылды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлайды.
Американың Майами қаласында (Флорида штаты) «Әлем аруы-2014» байқауы өз мәресіне жетті. 88 елдің арулары бақ сынасқан бұл байқауға Қазақстан атынан 25 жастағы Айдай Исаева қатысқан еді. Алайда, өкінішке қарай, отандасымыздың бұл сында бағы жанбады.
Әлем аруы атағына 22 жасар колумбиялық Паулина Вега лайық деп танылды. Көп балалы отбасында тәрбиеленген бойжеткен испан және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді, сондай-ақ француз тілін де аз-маз меңгерген.
Сегіз жасынан бері модель болып жұмыс істейтін ару камера алдында өзін еркін сезінеді әрі подиумда өзін жақсы ұстайды. Алайда жас қыздың дүниетанымы сән әлемімен ғана шектеліп қалмаған, қазір ол Богота университетінде менеджмент мамандығы бойынша білім алуда.
Дереккөз: bnews.kz