Атырау, 28 қараша 01:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мердігер ісі сотта қаралады

1 941 просмотра

Былтыр қазанда бітуі тиіс Құрманғазы ауданы Нұржау ауылындағы орта мектептің жөндеу жұмысы сотқа берілген екі талап-арызға байланысты тоқтап қалды. Бір талап-арыз «Перзент» ЖШС үстінен сотқа арызданған мектеп басшылығынан түссе, екінші талап-арыз орындалған жұмыс көлемі үшін жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылардан түсті. 

МЕКТЕП ҚАШАН БІТЕДІ? 

«Перзент» ЖШС Нұржау орта мектебінің жөндеу жұмысын ғана емес, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында жаяу жүргінші көпірінің де құрылысын бітірместен орта жолдан тастап кеткен болатын.

Нұржау орта мектебінің күрделі жөндеуіне бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Келісімшарт бойынша жөндеу жұмысы 2014 жылдың шілдесінде басталып, қазанның 15-нде бітуі тиіс-тін. Алайда, жөндеу жұмысының 70 пайызы ғана біткен, оқушылар үшінші тоқсанды да тас-талқаны шыққан мектепте оқып жатыр.

Ал, ЖШС басшылығы өз кінәларын мойындамайды. 

- О баста мектеп жөндеуінің сметасын жасаған «Қали-Бай» ЖШС (директоры Қалаубай ЖҮНІСОВ) қателіктерге жол берген, -  дейді«Перзент» ЖШС директоры Шыныбек КӨШАЛИЕВ. -Оған қоса мемлекеттік сараптама мамандары сметадағы олқылықтарға көзжұма қарап, қорытындыны беріп жіберіпті. Енді оның зардабын мектеп пен біз тартудамыз. Сызбада еденді бұзу бар да, жасау көрсетілмеген. Линолеум және кафель төсеу қарастырылмаған. Бұдан басқа да олқылықтар көп. Біздің есебімізше артық жұмыс жасадық деп отырмыз.

Мердігер сметадағы сызбада көрсетілмеген 929 шаршы метрге кафель мен 1800 шаршы метрге линолеум төселгенін және еден астына 123 текше метр бетон құйғанын жеткізді. Осы жасалған жұмыстар үшін тапсырысшы - Нұржау орта мектебі 39 млн теңгені мердігердің есепшотына аударған.

- Сметада расында да қате кетті, «Перзент» ЖШС бізді прокуратураға да берді, одан ештеңе шыққан жоқ, -дейді Нұржау орта мектебінің директоры Қайырбек ДАУЫМОВ. -Мердігер о бастан жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмады. Адам күші мен техника жетіспеді. Еңбекақыларын ала алмаған жұмысшылар қолғапша ауысты. Ал, кеткендердің орнына адам табу кезінде жұмыс апталап, оншақты күндеп тоқтап қалды. Еден астына 138 текше метр қиыршық тас құйдық дейді, мұнысы жалған. Енді артық жұмыс жасадым деп, ішкі жұмыстардан бөлек, ауланы қоршау, төсемтас төсеу жұмыстарынан бас тартып отыр.

- Мектептегі жөндеу жұмыстары қашан тоқтап қалды?

- Желтоқсанның 20-сында. Желтоқсанның 26-сында болған Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотта  төрт талабымыздың үшеуі қанағаттандырылды. Біріншісі, келісімшартта көрсетілгендей, мердігер он күн ішінде кепіл ретінде1 млн 500 мың теңгені мектептің есепшотына салуы керек еді. Жұмыс біткесін ол қаржы кері қайтарылады. Бұл орындалмады, біз үш рет хат жаздық. Екіншісі, орындалмаған жұмысты мердігерге мәжбүрлеп жасатқызу. Үшіншісі, уақытында бітірмегені үшін 1 млн теңге айыппұл өндіріп беру. Бұлар қанағаттандырылды, бірақ сот шешімі күшіне енген жоқ. Біздің  мердігерді жосықсыз қатысушы деп тану туралы төртінші талабымыз қанағаттандырылмады.

«Перзент» ЖШС не десе де, арнайы сараптама қорытындысы бойынша олар 34 млн теңгенің жұмысын орындау қажет. 

 

АЛ, ЖҰМЫСШЫЛАР ТОЛҚУДА...

Жөндеу жұмыстарын жасаған 40-тан астам жұмысшы прокуратураға, «Нұр Отан» партиясына, облыстық еңбек қорғау басқармасына шағым түсірді, бірақ мораторийге байланысты олар бірден сотқа шағымдануға мәжбүр болды.  

- Біздің бригададағы төрт адам 650 мың теңге көлеміндегі еңбекақысын ала алмай отыр. Тамыздағы еңбекақымызды бірнеше бөлікке бөліп берді. Өйткені, біз «Перзент» ЖШС-мен емес, ЖК «Динамен» (басшысы А. ҒҰМАРОВ) келісімшартқа отырдық. Біз Ғұмаровты ешқашан көрген емеспіз, мектеп басшылығы жөндеуде болғанымызды растап, анықтама берді. Сол арқылы біз жалақымызды даулаудамыз, -дейді Гүлжан САБЫРАЛИЕВА, Анатолий ХОЙЛОВ, Ерік МАЙТАНОВ, Балжан ЖАҚСЫЛЫҚОВА.

- Қырықтан астам адам бізден анықтама алып, соттасып жатыр. Олардың жалақы бойынша алажағы5 млн теңгеден асып жығылады. Ал, ЖК «Дина» деген қайдан шыққанын білмейміз. Келісімшартта мердігер «Перзент» ЖШС-нің қосалқы мердігер ұстауға хақысы жоқтығы көрсетілген. Сондықтан ЖШС әрекеті заңсыз болып табылады, -дейді Қ. Дауымов.

Қызылқоға ауданы Сағыз  ауылындағы аспалы жаяу жүргінші көпірінің құрылысына қатысқан кейбір жұмысшылар жалақыларын әлі ала алмай жүргендеріне шағымданды.

- Біз де қалалық сотқа арыз бердік. Біз де «Перзент» ЖШС-імен емес, ЖК «ТамаДауылмен» келісімшартқа отырдық. Оның бастығы қайтыс болып кетті, біз енді «Перзент» ЖШС-нен еңбекақымызды даулап жатырмыз, -дейді Жеңіс АЗИГУЛОВ.

Сағыз ауылындағы Жансая АБИЛОВА «Перзенттің» 80 мың теңгенің азық-түлігін алып, төлемей отырғанына шағымданды.

Мақат ауданындағы мекеме ғимаратының құрылысын жүргізген «Перзент» ЖШС Өзбекстаннан келген жұмысшылардың да еңбекақыларын төлемеген.     

- «Перзент» ЖШС-нің директоры Шыныбек Көшалиев ғимаратты тездетіп бітіру үшін мені шақырып алды. Мен бұған дейін әртүрлі жөндеу ісімен айналысатын едім, ай сайын салық төлеп тұрдым. Әрине, мекеме болғасын келісімшарт сұрадым, сонда Көшалиев «қолма-қол 2 млн 500 мың теңге беремін» деді. Мен сендім.  Хорезмнен 20 жұмысшыны шақырдым, -дейді Өзбекстан азаматы Сабыр ЯРАШЕВ.

Үш ай үзбестен жұмыс жасаған жұмысшыларға Көшалиев 300 мың теңгені ғана ұстатқан. Қалғанын кейін төлеймін деп уәде берген.

- Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Жұмысшылар Өзбекстанға кетіп қалды. Мен енді үйіме, отбасыма бара алмай отырмын. Мен өз жерлестерімді алдап кеткен болып шықтым ғой? Енді не істерімді білмеймін, -дейді С. Ярашев.

«Перзент» ЖШС директоры Шыныбек Көшалиев жұмысшылар келісімшартқа өздерімен тікелей отырмағандықтан бұған қатысы жоқ екенін айтып бағуда. Жұмысшылар жалақыларын сот арқылы қайтарамыз деген үмітте.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.