NCOC пен Agip KCO компанияларына облыстық экология департаменті салған 134,2 млрд теңге мөлшеріндегі экологиялық айыппұл қайта қаралмақ.
Бұл туралы «АЖ»-ға ҚР энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН айтты. ТШО ұжымымен кездескеннен кейін біз одан 13 желтоқсанда қол қойылған ҚР үкіметі мен солтүстік-Каспий консорциумы арасындағы келісімді егжей-тегжей түсіндіруді өтінген едік («Қазақстан Үкіметі мен Солтүстік Каспий консорциумы құпия келісімге қол қойды»).
- Келісімде әрі қарай даулы мәселелерді реттеуге қатысты жұмыстар жүргізілетін негізгі принциптер айқындалды. Кейінірек құжаттың құпия емес бөлігі жарияланбақ, - деді Қарабалин.
- Қандай даулы мәселелер екенін атап өтсеңіз?
- Экологиялық сипаттағы мәселелер көп, мәселен, біздің ережеміз бойынша біз белгілі бір заң бұзушылық үшін екі рет, тіпті үш рет айыппұл саламыз. Әлемдік тәжірибеде, әрине, мұндай жоқ. Қазір әлемдік тәжірибеге сай келу үшін заңнамамыз жетілдірілуде.
- Бұл өзгерістер NCOC пен Agip-ке салынған соңғы айыппұлға қатысты бола ма?
- Қазір іс сотта жатыр, сол жерде соңғы шешім шығарылады.
- Шешім жаңа заңнамаға сәйкес қабылдана ма?
- Жаңасына да сай қабылданады. Жаңа ұсыныстар ескеріледі.
- Қол қойылған келісім ӨБК-ке(өнім бөлінісі туралы келісім) қатысты ма?
- ТЕК ӨБК-ге ғана емес, бұл әрі қарай қалай әрекет жаслатын жалпы тәсілдер мен келісімдер. Іс жүзінде келіссөздер жалғасатын болады.
- Бастамашы кім болды?
- Екі тарап та, - деді вице-министр жүріп бара жатып.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА