Атырау, 26 желтоқсан 12:48
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Ақшамыз қайда?

4 738 просмотра

Атырау қалалық жедел жәрдем бекеті ұжымы жаңа жылды қарсы ала алмауы да мүмкін. Өйткені жедел жәрдем қызметкерлері бір-екі айдан бері жалақысыз отыр.

Кеше осы мекеменің бір топ қызметкерлері (суретте) қалалық прокуратураға жалақы мен бірнеше айдан бері еңбек демалысы ақысын ала алмай отырғандарын айтып шағымданды.

«ШОТТА АҚША ЖОҚ»

Жедел жәрдем бекеті қызметкерлерінің айтуынша соңғы қараша-желтоқсан айлары жалақысына қоса, жыл басынан бергі еңбекке жарамсыздығы туралы қағаздар төлемі де төленбеген. Ал қазан-қараша айларында еңбек демалысына шыққан ақ халаттылар оның өтеуін де әлі алмапты.

- Біздер дәл қазір кезекті ұжым жиналысынан шығып келіп тұрмыз. Күнде ертең төлейміз деп алдаумен келеді Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы М.Өтепқалиевтың да қатысуын сұрап едік келмеді. Ал біздерге шотта ақша жоқ, сендер жыл басынан бері бір айдың артық ақшасын жеп қойғансыңдар деп түсіндіреді. Біз бюджеттік мекеме емеспіз бе, шотта қалайша ақша болмайды және жеп қойсақ неге ақша сұраймыз?-дейді жедел жәрдем қызметкерлері.

Олар өздерінің адам өміріне төнген қауіпті сейілтуге бірінші болып үлес қосып отырған еңбектерінің елеусіз екендігіне қынжылады.

-Мәселен, ұжымдағы бірсыпыра адам үй жалдап отырмыз. Өткенде облыс әкімшілігінен 7 адамға үй бөлу туралы қатынас қағаз келген. Бірақ оған қол жеткізген ешкім жоқ. Медицина училищесінің жатақханасын жалдап күн көріп отырмыз,-дейді фельдшер Жанат ӘБЕШОВА.

Жедел жәрдем қызметкерлерің барлығы дерлік осы салада 15-25 жыл бойы еңбек етіп жүргендер.Әрқайсысының отбасында 3-4-тен балалары бар. Солардың бірі 11 жыл бойына  жедел жәрдем қызметінің бала дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқан Рая ҚҰСАЙЫНОВА.

- Сыйақы, ынталандыру немесе құрметтеу тәрізді ақыларды ешқашан алып көргеніміз жоқ. Осында жиналғандардың кейбірінің жұмысқа қатынайтын жолақыға төлер қаражаты жоқ. Олардың көбінің мойындарында несиелері бар, студент балалардың оқу ақысы бар. Оларды төлемек түгіл, тамағымызды асырай алар түріміз жоқ,-дейді ол.

Бұдан бөлек жедел жәрдем қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек олардың жұмыс сағаты да дұрыс төленбей отыр. «6 күндік бір ауысымда 6 сағатқа төленуі тиіс болса бұлар оны 6,30 сағаттан есептеп, орта буын қызметкерлерден 7-8 мың теңге, ал дәрігрелерден -15 мыңға дейін пайда көріп отыр» деп күдіктенеді олар.

Атырау қалалық жедел жәрдем бекеті қазыналық мемлекеттік мекемесінде ұзын-ырғасы 200-ден астам адам еңбек етеді. Олар күніне 350-ге жуық шақырту алады екен. Оны қамтамасыз ету үшін әр аусымда бар болғаны 13 бригада ғана желіге шығады, олардың арасында дәрігер тек екеу- бірі педиатр, екіншісі кардиолог. Ал түскен шақыртуларды толық қамтамасыз ету үшін кем дегенде желі де 27 бригада жұмыс істеуі керек. Яғни маман жетіспейді.

- Біздерде көліктің бәрі сақтандырылған, ал біздің өміріміз ештеме тұрмайды, оны сақтандырған ешкім жоқ. Ал шынын айтқанда арамызда көлік апатына ұшыраған кездер де болады,-дейді дәрігерлер.

Тағы бір айта кететіні бұл мекемедегі жағдай туралы бұған дейін қаржы полициясы қызығушылық танытып, бірсыпыра тексеру жасаған екен. Бірақ бір түсініксізі ештеме таба алмаған. Сонда жалақы тапшылығы қайдан шықты?

ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫНДАР УӘЖІ

Атырау қалалық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Мақсұт ЕСЕЕВТІ іздегенімізде орнынан таппадық. Бірақ қол телефонына қоңырау шалғанымызда ол былай деді:

– Жалақы жөніндегі айлық қарызымыз 9 миллион теңге. Ол қаржыландырудың кешігуі салдарынан берілмей отыр, әрі жедел жәрдемдегілер бір айдың жалақысын алдын ала алып алған. Ал жыл басынан бергі еңбекке жарамсыздығы туралы парақшалардың төленбеуі немесе еңбек демалысы ақшасының берілмеуіне мен жауап бере алмаймын, себебі менің мұнда келгеніме тек 29 күн болды. Оны бұрынғы бас дәргерден сұраңыз.

Біздің білуімізше, Атырау қалалық жедел жәрдем бекетінің бұрынғы бас дәрігері Мейіржан Исмағұлов өз еркімен бастықтың креслосын босатқан. Өкінішке орай, оның себебі мен салдарын Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТАН сұрап біле алмадық. Өйткені басқарма бастығы іссапарда болып шықты. Сондықтан да бұрынғы бас дәрігер не себепті жұмыстан кетті және жедел жәрдем төңірігендегі қаржылық жетіспеушіктер қайдан пайда болды тәрізді көптеген заңды сауалдарымыз жауапсыз қалды.

Әзірге жедел жәрдем қызметкерлерінің арызын тексеруімен Атырау қалалық прокуратурасы айналысып жатыр. Жедел жәрдем бекетінде қала прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВТЫ кездестірдік.

«Көріп тұрсыз ғой, өзім тікелей араласып жатырмын» деген қала прокурорының айтуынша бюджеттік қаражаттың жұмсалу заңдылығы мен жалақы қарызына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы келесі аптада белгілі болады.

- Мен жедел жәрдем қызметкерлерін қабылдап, оларға заңдық түсініктеме бердім. Тексеру қорытындысына сай мекеме басшысы лауазымды және заңды тұлға ретінде жауапқа тартылатын болады,-дейді Халидолла Дәуешов.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген В.Истомин

23 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.