Атырау, 27 қараша 19:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сәні кеткен саябақтар

2 613 просмотра

Индербор кентіндегі екі саябақ қараусыз қалып, бүгінде күл-қоқыс алаңына айналған. 

Меңдіғалиев көшесіндегі саябақ жарты ғасыр бұрын құрылған. Бір кездері бұл керемет демалыс орны болатын. Ауыл қарттары оны жиі еске түсіреді.

- Бір кездері жасыл желекке көмкерілген көне саябақта адамдар дойбы, шахмат ойнап, әңгімелерін айтып, бір-бірімен шүйіркелесіп қалушы еді. Ал, қазір сол саябақ адамдар демалатын орын емес, мал жайылымына айналған. Талдар суарылмаған соң шөлдейді де тұрады. Саябақ қоршауы да тозған, -дейді кент тұрғыны Есенияз ТӨРЕМҰРАТОВ.

Саябақтың іші мал тезегі мен сынған шөлмектерге толы. Осындағы жаздық сахнадан да күй кетіп, жұлым-жұлымы шыққан. Кезінде қаз-қатар тізілген орындықтардың бірі де жоқ. Бір жылдары сахнаны жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінгенімен, жұмыс толық атқарылмай қалған еді.   

Ал, «Көктем» мөлтек ауданындағы келесі саябақтың ішін қалың шөп басқандықтан оның ішінде серуендеп жүретін тегіс жер қалмаған. Талдар қурап кеткен.

Индербор кенті әкімінің міндетін атқарушы Алмас ҚҰСАЙЫНОВ поселкедегі екі саябақты көркейту, безендіру, қайта қалпына келтіру жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін 1,3 млн теңге қаралғанын айтады.

- Смета әзірлеумен жеке кәсіпкер ЖАНҒАЛИЕВ айналысуда. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткесін саябақтарды қалпына келтіруге жұмсалатын қаржы көлемі белгілі болады. Бұл қаржы келесі жылы бюджеттен бөлінеді деген үміттеміз, - дейді А.Құсайынов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

30 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.