Атырау, 19 қараша 10:29
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Экс-әкімнің ісі. Сотталушылардың соңғы сөзі

8 768 просмотра

Асқар КЕРІМОВ. Фото Асқар КЕРІМОВ. Фото "АЖ" мұрағатынан алынды.24 қазанда Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚҚ ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі 22 сотталушыға қатысты үкім шығарар алдында үзіліс жасады. Бұл күні бүкіл сотталушы өздерінің «соңғы сөздерін» айтты.

Сәйкестік болса да бұл факт: бұл даталарды тура 10 ай бөліп тұр. Естеріңізге салсақ, 2013 жылдың 24 желтоқсанында Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Атырау облысының экс-әкімі Рысқалиевтың ҰҚҚ ісі бойынша алдын ала тыңдау басталған еді. Сотталушылардың бір бөлігі екі жылдан бері тергеу изоляторында сот шешімін күтіп отыр.

 

АСҚАР КЕРІМОВ: «МЕН ЖЕТКІЛІКТІ ЖАЗА АЛДЫМ»

Бұрынғы қала әкімі және облыс әкімі аппаратының басшысы Асқар КЕРІМОВ өзінің соңғы сөзінде тергеу изоляторында отыру ауыртпалығы туралы егжей-тегжей суреттеп, мұны жеткілікті жаза деп есептейтінін мәлімдеп, соттан ол үшін бұл азапты ұзартпауды өтінді:

Мен өзімнің кінәсіз екенімді айтып өттім, мәртебелім, енді шешім өз қолыңызда. Моральды тұрғыда да, физикалық тұрғыда да, мен жеткілікті жазамды алдым. Маған өз еңбегіммен отбасыма және қоғамға пайдамды тигізуге мүмкіндік берсеңіз деймін. Түрмеде тағы екі-үш жыл отырғанымнан, ештеңе өзгермейді. Тек мені күту шығындары көбейеді. Біздің сөздеріміз бен жағдайымызды жүрегімізбен түсініп, дұрыс шешім қабылдасаңыз, - деді ол төрағалық етуші Гүлмира ДӘУЛЕТОВАҒА қарап. Бұл ұзақ сөз сөйлегеннен кейінгі қорытынды сөзі болатын. Сөз барысында Керімов тергеу ісін айтарлықтай құқықбұзушылықтарға айыптап, оның пікірінше, «тергеу ісімен ынтымақтастыққа» айырбастап лайықты жазадан құтылып кеткен облысқа танымал тұлғалардың фамилияларын атап өтті.

– Процесс басында Атырау облысының сотына қарсылық білдірген кезде ( «Бергей ісі: Адвокаттар Атырау судьяларының барлығына қарсылық білдірді» мақаласын қараңыз, 24.12.2013 ж.), бізде жергілікті соттың риясыздығына күдіктенетін негіз болған жоқ. Алайда алдын ала тергеу ісінің қалай жүргізілгенін көргендіктен, біздің үмітіміз үзілгендей болды. Тергеуші Тимур ХАСАНОВ жетекшілік еткен тергеу тобы шектен шыққан әрекеттер жасады – бұл жұмсақ айтылып отыр. Тергеу изоляторына қамауға алынғаннан кейін келесі күні камераға тінту жүргізіп, ұялы телефон тауып алды. Менде ұялы телефон қайдан болсын?! Ол жерде тіпті байланыс ұстамайды, байланыс шектегіш бар. Сөйтіп, мені карцерге жауып тастады. Бұл оңаша камера. Ол жерде таңғы сағат 6-да кереуетті көтеріп, құлыптап тастайды да, кешкі сағат 10-ға дейін түсірмейді. Сеніңіз, ол жерде отыратын жер де жоқ. Тек іргетас қана бар. Осылай мені жеті күн азаптады. Содан соң мені тергеу кабинетіне шақырды. Ол жерде жас жігіт отырды. Өзін тергеу-жедел тобының басшысы, Астана басқармасының бастығы және т.б. ХАСАНОВПЫН деп таныстырды. Қанеки, Асқар Абайұлы, ынтымақтастықта бірлесе жұмыс істейік деді. Сіз бізге Рысқалиевтың қандай арақ ішкенін және т.б. жазуға тиіссіз, осы үшін сізге тағылған бапты 65-ші бапқа («Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») ауыстырамыздеді. Мен оған: «Мен онымен арақ ішкен жоқпын, ондай қарым-қатынас болған жоқ және ол маған ештеңе айтқан жоқ. Мен сыпсың сөз айта алмаймын, өйткені ертеңгі күні осы үшін жауап беруге тура келеді» дедім. Содан соң мені тергеу изоляторының бастығы шақырып алды: «Сіз қаржы полициясымен неліктен қызуқанды сөйлестіңіз? Ол Керімов карцерде болғанға ұқсамайды ғой және т.б. деп шағымданды. Келесіде сыпайырақ болыңыз» деді. Содан соң мені қайтадан тергеу кабинетіне шақырды. «Соңғы рет ескертемін, - деді Хасанов. – Айтыңыз, кім, не, қалай...». Мен оған тағы да: «Мен Рысқалиев туралы ештеңе білмеймін, жекешелендіру бойынша айта аламын» дедім. Келесі күні таңертең мені ұшаққа отырғызып, Астанаға апарып, сол жерде ҰҚК тергеу изоляторына жауып тастады. Төрт ай бойына жалғыз кісілік камерада болдым. Ақылымнан алжаса жаздадым.

Хасановпен қайта кездескен кезде мен: «Менен не қалайсыз?» деп сұрадым. Ол: «Сіз Жаңаөзен туралы не білесіз?» дейді. - «БАҚ-тарда жазылып жатқанды ғана білемін». – «Рысқалиевтың бұл оқиғаға қандай қатысы болды». – «Ешқандай қатысы болған жоқ. Білмеймін». – «Сол кезде жұмыс жасаған жоғарғы лауазымды тұлғалар туралы не білесіз?». – «Ештеңе білмеймін». – «Ендеше, Асқар Абайұлы, бізге сізден ештеңе керек емес» деді. Содан соң мен Қорғас ісінің материалдарымен таныстым. Онда 50 шақты куәгерге қатысты қылмыстық іс 65-бап бойынша қысқартылған екен. Өйткені олар тергеумен ынтымақтаса жұмыс істеген. Ал бізде не?Рысқалиевпен немесеӘЛБАҚАСОВПЕН қылмыстық келісім жасаған ПАК(танымал бизнесмен, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты, облыстың экс-әкімімен аффилирленген ондаған табысты ЖШС-лердің қожайыны Владимир Пак. – З. Б.ескертпесі)коммуналдық меншік нысандарын арзан бағаға сатып алып, содан пайда түсіреді... Оған қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған. Сөйтсек, оның арам пиғылы болмаған боп шықты. Әлбақасовтың ең сенімді тұлғасы болған САҚИПОВҚА (2008 жылы «МК Бизнес» ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс істеген – З.Б. ескертпесі) қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды. Жекешелендіру туралы шешім қабылдайтын, автобустарды саттыққа шығару мәселесін көтерген ЕСМҰРАТОВҚА (Атырау қаласының бұрынғы әкімі, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мереке Есмұратов – З.Б. ескертпесі) қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды. Сөйтсек, ол қызметтік тәуелділікте болыпты. ДОСПАЕВ Асқар облыстық әкімдіктің тендерлік комиссиясына басшылық етті. «Осы компания жеңсін деп, менен Әлбақасов өтінді» деп, ол осы жерде ашық айтты ғой... Оған да қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Бұл не сонда?! Бұл тергеу-жедел топтың таңдау жасағанын айқын дәлелдейді. Яғни, Хасанов кімді қаласа, соны отырғызған. Дегенмен, ол заңды түрде мұның бәрін негіздей алмайтын еді. Ал прокуратура бұған, шамасы, көз жұма қараған шығар. Бұл тергеу-жедел тобы емес, бұл сыбайлас жедел-тергеу тобы.

 

«ЗОРЛЫҚШЫЛАР МЕН ҚАНІШЕРЛЕР ҚАЙСЫСЫ?»

Бұрынғы «Мемсараптама» РМК бас директорының орынбасары Ұлан ҚҰРАЛБАЕВта тергеу-жедел тобының жұмыс жасау әдістерінің заңдылығына күмән келтірді:

– Мені алғаш рет Астанадағы қаржы полициясының бас департаментінде қамауға алған кезде: «20 басшыға қарсы куәлік бер» деген ұсыныс жасады. Мен бас тарттым. Олар мені отырғызуға уәде берді, сөйтіп өз уәделерінде тұрды. Екі жылдан бері түрмеде отырмын. Қаржы полициясына рахмет айтқым келеді, олар материалдарды түгелдей жинап алыпты. Қылмыстық істе бүкіл материалдар тек менің пайдама шешілетін, мені ақтайтын материалдар. Бірде-бір куәгер маған қарсы куәлік бермепті... Мен ешқандай ұйымдасқан топта болған жоқпын. Облыс әкімімен ешқандай қарым-қатынаста болған жоқпын. Тіпті, бұл ұйымдасқан топ болды ма, жоқ па, білмеймін де.

Құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВ өз сөзін бұрынғы әріптестеріне «тергеу тобы тарапынан қысымшылық болғанына қарамастан сотта шынайы куәлік еткендері» үшін алғыс айтудан бастады:

Мемлекеттік айыптаушы 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Адамдарға осындай мерзім сұрау үшін айыптаушының жүрегі қандай болу керек?! Айыптаушы ханым, мына адамдарға қараңыз, олар осындай мерзімге лайық па? Осындай мерзім сұрарда сіздің басшылығыңыз неге ойланбайды? Бұл жерде зорлықшылар, кісі өлтіргіш қанішерлер бар ма? Алла бәрін өзі таразылайды, мен бұған сенімдімін. Біздің ешқайсымыз осы жерде отырамыз деп ешқашан ойлаған емеспіз. Мен есірткі дилері емеспін, қанішер емеспін, отанымды сатқан жоқпын, өз міндетім мен басшылықтың талабын орындаған жай ғана мемлекеттік қызметкермін. Мен ешқандай ҰҚҚ қатарында болған жоқпын, бюджет қаржысын иемденіп, ысырап еткен жоқпын. Бұл процесс тарихқа жазылады, мәртебелім, сізге Алла күш пен әділдік берсін, бар үмітіміз өзіңізде, - деді ол судьяға қарап.

Сөз соңында бұл істі Кенжебеков «тергеу тобының қателігінің» нәтижесі деп, ал Бергей Рысқалиевтың бұрынғы бірінші  орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ«саяси күрес аспабы» деп атады.

Осы жерде айыпталушылар орындығында отырғандардың көпшілігінің кінәсіз екендігіне нық сенімдімін, - деді ол. – Олар жалған, ойдан шығарылған ұйымдасқан қылмыстық топты құру үшін қылмыстық сот өндірісінің иіріміне тартылды. Бұл әлдебіреудің саяси амбициясына бола жасалды.

 

«НЕМЕРЕМДІ КӨРГІМ КЕЛЕДІ»

Сотталушылардың еңсені басатын ауыр сөздері процесске қатысушылардың көпшілігі үшін сынаққа айналды. Адвокаттардың бірі менімен жеке әңгіме кезінде залда орын алған атмосфераны «ауыр» деп атады.

Сотталушылар судья Гүлмира Дәулетоваға қарата айтқан сөздерінде үйлеріне оралуларын күтіп отырған өз отбасылары, кішкентай балалары, немерелері, қартайған ата-аналары бар екенін еске салды. Біреулері туыстарының ауыр науқасына байланысты отбасыларына қажет екендігіне меңзеді. Әсіресе, сотталушы әйелдердің сөзі әсерлі болды.

- Жедел-тергеу тобының әрекеті салдарынан бүкіл осы бейберекетсіздік, залал орын алды, - деп сөзін бастады «Снабойлстрой» ЖШС-ның бұрынғы директоры Айгүл БЕЙСЕБЕКОВА. – Тергеушілер өз басшыларының ықтиярын орындайды. Дұрыс адам мұндай айыптауды қолдауға қабілетті емес. Прокурорлар, сіздер сұмдық жазаны ұсынып отырсыздар, бұл масқара. Тіпті, егер сол жақта біздің біріміз болып, басқалары болмаса да, бұл өмір емес, тек тіршілік ету ғана болады. Бізге сот әділдігінің бар екеніне сенуге мүмкіндік беріңіздер. Өзіміз үшін емес, балаларымыз үшін қорқамыз. Олар қандай мемлекетте өсіп жатыр? Балаларымызды неге үйретеді? «Шындық жоқ, заңға, әділдікке сенбе, адал ниетті адамдар жоқ» деп пе?.. Тергеу ісі өздерінің салдыр-салақ жұмыстарының нәтижесін біздің иығымызға іле салғысы келеді. Сіз нәзік болсаңыз да, мықты, бастысы, дана әйелсіз. Сіз тек заңды ғана басшылыққа алмай, өзіңіздің ішкі пікіріңізді де басшылыққа алуға тиіссіз. Сіздің қолыңызбен әлдебіреудің амбициясын қанағаттандыруға жол бермеуді өтінемін. Өзіңізді ең соңғы адам етуге мүмкіндік бермеңіз.

«Ақтөбехаусконстракшн» ЖШС және «BNB Construction» ЖШС-нің бұрынғы бас есепшісі Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВА:

– Кінәсіз еместігімді нақты білемін және бұл мызғымайтын пікірім. Кінәмді толықтай мойындамаймын. Бұл іс бұрмаланған. Егер кінәм болып, дәлелденген болса, кінәмді мойындап, кешірім сұрауға батылдығым жетер еді. Істе менде арестке алынған жер телімі бар делінген. Алайда бүгінгі күні менде тек ипотекаға алынған бір бөлмелі пәтерім ғана бар. Ол бойынша өсімнің өсуіне және т.б. байланысты қарыздарым көбейіп кетті. Ұрлыққа қатысым болған жоқ. Принципіме және тәрбиеме байланысты ойым да болмады. Хасанов бастаған тергеу ісі, керісінше, маған және менің отбасыма зиян келтірді. Немерелі болдым. Оны күн сайын көргім келеді, оның тәрбиесіне қатысқым келеді. Сіз заң тұлғасысыз, әділ шешім шығарып, ақтауыңызды сұраймын, - деді ол судьяға.

Сотталушылардың барлығын тыңдап болып, сот кеңесу бөлмесіне кетіп қалды. Үкім 10 қарашада жарияланады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

Болат ДӘУКЕНОВ. Фото Болат ДӘУКЕНОВ. Фото "АЖ" мұрағатынан алынды.– Сіз қалай ойлайсыз, іс немен бітеді? – деп сұрадым мен Дәукеновтен сот фойесінде.

– Немен аяқталатыны белгілі ғой, – деді ол қолын сілтеп, өзі үшін оңды нәтиже күтпейтіндігіне меңзеп.

– Керімовтің бүгін не айтқанын естідіңіз бе?

– Жарыссөз кезінде осының бәрін мен де айттым. Бізді Астанаға алып кетіп, азаптап, Жаңаөзен оқиғасын Рысқалиевқа аударып тастағысы келді... Бүкіл есімдерді Керімов атап шықты, мен де оны растаймын (әңгіме, шамасы, қылмыстық істер қозғалмаған тұлғалар туралы болса керек – З.Б. ескертпесі).

– «Азаптады» деп нені меңзеп отырсыз?

– Моральдық, психологиялық тұрғыда әрекет етті.

27 қазан 2014, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.