Атырау, 19 қараша 10:31
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Экс-әкімнің ісі. Қайта оралған Нақпаев

10 489 просмотра

Сәлімжан НАҚПАЕВ.Сәлімжан НАҚПАЕВ.Өткен аптада «Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚҚ» ісі бойынша бұрын жауап ала алмай жүрген куәгерлерден, сондай-ақ, процесс мүшелері сотқа қатысуларын талап еткен тұлғалардан жауап алынды.

ШУЫ КӨП – ЖАРЫМДЫ ІСІ ЖОҚ

Соңғы апталарда сотта облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Владимир (Вадим) ПАКТЫҢ қарамағында жұмыс жасаған компаниялар директорларынан жауап алынды. УС-99-дың құрылтайшысы және он шақты ЖШС-тердің иесі бұл қылмыстық істе аты аталғанымен, куәгер ретінде еш шақырылмады.

Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың тамыз айында «Нұр Отан» партиясы Атырау филиалы активінің жиналысында ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВ өзінің қылмыстық ұйымды әшкерелеген сөзінде бюджет қаржысымен жүзеге асырылған нысандар құрылысы мен жөндеу жұмыстарының көп бөлігін өзіне алған «бір кәсіпкермен» тығыз байланысты компаниялар туралы қатты айтқан еді. Әзірге аттарын айтпайтынын ескертсе де, прокурор көптеген жобалардың құжаттамаларын дайындаған «Атыраустройпроект» ЖШС-ті атап өтті. Бұл серіктестікті сол табысты кәсіпкердің әйелі басқаратын еді. Дауылбаевтың айтуынша, «белгісіз» бизнесменнің облыстық әкімдіктің мейрамханалық кешенін, «Атырау-Ақпарат» ғимаратын (баспаханасымен бірге), қалалық және облыстық мәндегі газ құбырларын жекешелендіруге тікелей қатысы бар.

Бізге белгілісі, ол осы нысандардың барлығы тергеудің аяқталуын күтпей-ақ, мемлекеттік меншікке кері қайтарылған. Оның қарамағында жұмыс жасаған ЖШС бас директоры Аркадий КИМ мен оның орынбасары Евгений ЛАПИН сотта тек орындаушы болғандарын және Пак жүргізген операциялардан еш хабарлары жоқ екендігін алға тартты. Мысалы, Лапин басшылық ететін «Жайыкгазсбыт» ЖШС «Пактың өтініші бойынша» тендер арқылы қалаішілік газ желілерін сатып алған. «Барлығын Пак жасады»,- дейді Лапин. Ал желілер осыдан кейін сол «шефтеріне» бағынатын «Атырауоблгаз» компаниясына сенімді басқаруға берілді. Лапиннің тағы бір фирмасы – «Каспийстройэкстра» облыстық әкімдіктің мейрамханалық кешенін сатып алды.

- Содан кейін ол (Пак) оны «Мистоль» ЖШС-іне сатыңдар деп тапсырма берді, - деді Лапин. Ол сотта жауап беру барысында бұл нысандардың барлығы бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылғанын жиі еске салып отырды.

АЛ СУДЬЯЛАР КІМДЕР?

Адвокат СЛИНЧЕНКО (Б. Рысқалиевтың бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукеновтың мүддесін қорғаушы) сотқа қазіргі облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫ шақыру туралы өтініш білдірді. 2012 жылдың сәуірінде №2 қалалық сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырған. Бүгінде бірде-бір лауызымдық тұлға оны заңсыз соттағаны үшін жауапкершілікке тартылған жоқ. Нақпаевтың өз пікірінше, қылмыстық іс көтеруге тапсырыс берген - Бергей Рысқалиев.

Нақпаев сотта экс-әкімнің осындай әрекеттерінің тағы бір құрбаны болған, 2010 жылы 8 жылға сотталған кәсіпкер Назми АЛИЕВТІ айтып кетті. Рысқалиев қашып кеткеннен кейін Алиев ісі облыстық алқа сотында кері қаралып, жаза мерзімі шартты түрде үш жылға төмендетіліп, істен бірнеше эпизодтар алынып тасталды. Кәсіпкер көптеген жылдар бойы ағайынды Рысқалиевтардың іскер әріптесі болып, достық қарым-қатынаста да болған. Алайда қаржылық келіспеушілік салдарынан 2010 жылы достықтары аяқталды.

- Ол (Бергей Рысқалиев) бізді аппарат отырысынан кейін өзіне қалдырып, Дәукеновке ІІД бастығымен (Рахмаджан ДОСАНОВ) және облыс прокурорымен (Сайфолла КЕМАЛОВ) байланысып, «Оны табыңдар, төлқұжатын алып, қаржы полициясына тапсырыңдар», - деп тапсырма берді. Дәукенов құқық қорғау секторына бақылау жасады және барлық бұйрықтар сол арқылы берілді.

- «Бақылау жасады» деген нені білдіреді? - деп сұрады Дәукеновтың адвокаты.

- Бұл облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде оның қызметтік міндеттемелеріне кіреді.

Адвокаттар бірнеше рет осы заңсыз шешімдерде аты аталатын қазіргі Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар СМАҒҰЛОВТЫҢ бұл істегі рөлі туралы сұрақ қойғысы келген, алайда судья Гүлнәр ДӘУЛЕТОВА мұндай әрекеттерге бірден тосқауыл қойып отырды:

- Сұрақтан бас тартылады. Арыз (Нақпаевтың) қаралды. Кейбір тұлғаларға айып тағылған жоқ, сондықтан да осы іс аясында ғана сауал қойыңыздар!

Бірнеше рет жасаған әрекеттерінен кейін адвокат ВРАНЧЕВ ескерту жасады:

- Біздің барлық сұрақтарымыздан бас тартылатын сияқты...

Ол Нақпаев арызында көрсетілген тұлғалардың кінәсіздігін растайтын процессуалдық құжатты көрсетуді сұрады.

- Бұл мәселе алдын ала тыңдаулар кезінде талқыланды, бұл тақырыпқа қайта орала берудің еш қажеттілігі жоқ. Қаралып жатқан іске қатысты сұрақ қойыңыздар, - деп жауап берді судья.

БАЯҒЫ ЖАРТАС СОЛ ЖАРТАС

Нақпаев үстінен қылмыстық іс көтерілген және халықаралық іздеу жарияланған кәсіпкер Артем ДАНЕВИЧ туралы сұраққа түсінік беріп кетті:

- Олар («ЦентрстройЛТД») «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жұмыс жасады, неге екені белгісіз, осы кәсіпорынға 30-дан аса нысан берілді. Мен әкімге бұл іс компанияның қолынан келмейтіні жөнінде, осындай сапада салынған СТҚ (су тазарту құрылғысы) еш жұмыс жасамайды деп ескерткенмін, ол осы сөзім үшін мені жиналыстан қуып шықты. Ал бүгін 14 нысан бойынша 1,1 миллиард теңге артық ақша аударылғаны анықталып отыр. Нысандар аяқталмаған, бәрін тастап кеткен. Құрылыстарды аяқтау үшін үкімет тағы 1,1 миллиард теңге бөліп отыр.

БЕРГЕЙ КЕЗЕҢІНІҢ САЯБАҒЫ

Адвокат РАУШАНОВ Нақпаевтан Тұрланбек ЖИЕНБАЕВҚА («Мемсараптама» ЕМК бас директорының бұрынғы орынбасары, МСҚБД бастығы) жұмысы бойынша мінездеме беруді өтінді.

- Тұрлан жаман адам емес, бірге жұмыс жасадық, бірақ ол құрылысшы емес. Мен оған жиналыстар үстінде өз ісіңмен айналыспай жүрсің деп талай айтқанмын, ол педагогикалық институтты бітірген ғой.

Жиенбаев сотта өзінің үш дипломы бар екенін айтты: біріншісі – педагогтық, содан кейін экономикалық және құрылысшы мамандығын игерген.

Нақпаев сөзін жалғастырды:

- Облыс әкімі мен арқылы оған жобалар жүзеге асырылып жатқан кезде «өткізіп жіберу» жөнінде тапсырма берді. Мен айтқан жоқпын, алайда мұндай бұйрықтар оған берілгенін білетінмін: әкім менің көзімше оған телефон соғып, асықтырып жататын.

- Мен мемлекеттік сараптамада жасағанда ешқандай заңбұзушылықтар анықталған жоқ! - деп жауап берді оған Жиенбаев. – МСҚБ сізге бағынды, яғни, мемлекеттік сатып алуға сіз де басшылық жасадыңыз.

- Мен жетекшілік еткен жоқпын, - деп жауап берді Нақпаев.

- МСҚБ-ға жетекшілік еттіңіз, мемлекеттік сатып алу туралы қалай білмейсіз? - деп таңғалды Жиенбаев.

- Бізге оған бас сұғуға тыйым салғанын өзің білесің ғой, бәрін парк (бұл жерде әңгіме, тергеудің болжамы бойынша, Бергейдің ағасы Аманжан РЫСҚАЛИ және қарындасының күйеуі Рүстем ӘЛБАҚАСОВ басқарған компаниялар тобының кеңсесі туралы), әкім басқарды.

- Сіз барлық тендерді «парк» жүргізді дедіңіз. Бұл нені білдіреді? - деп сұрады прокурор.

- Сондай бір нысан болды, парк аталатын. Заң бойынша тендерлерге еш қатысы жоқ, алайда мен облыстық әкімдікке орынбасар болып келгенімде барлық жобалар сол жерде дайындалып, барлық тендерлік жобалар бақылауға алынып отыратынын, кім жеңімпаз болатынын сол жердегі адамдар алдын ала білетінін аңғардым. Мен оны (Жиенбаевты) түсінемін, ол барлығын біледі, осылай жасауға оны да мәжбүрледі. Ол (Рысқалиев) кімді көрсетсе, сол жеңді. Адвокаттар бізге күледі, алайда, өкінішке орай бәрі осылай болды. Қайдағы бір жеке фирма тендерлерімізге басшылық жасады. Мен жұмыстан 2010 жылы кеттім, өйткені мұндай саясатпен, әкімнің құрған осындай жүйесімен келіспедім. Олар да(сотталушылар орнында отырғандарды көрсетіп) кете алатын еді, не болып жатқанын барлығы да жақсы білді ғой.

- Парктің жұмысын кім басқарды?

- Оның (Рысқалиевтың) ағасы, өзі және күйеу баласы. Осында отырғандардың барлығы солардың бұйрығын орындаушылар. Олар қорықты, оларды пайдаланды, орындалған жұмыс актілеріне, құрылысқа қатысты басқа да құжаттарға қол қоюға мәжбүрледі. Әкімнің тапсырмаларын бұлжытпай орындады, өз отбасылары үшін, мүліктерін тартып алады деп қорықты...

Асқар ӘБДІРОВ.Асқар ӘБДІРОВ.- Мен Асқар ӘБДІРОВТЫ (облыс әкімінің бұрынғы орынбасары) жақсы танимын, ол өте тәрбиелі адам, мінезі де жайлы, оның осы әлсіздігін пайдаланған. Мен оған және Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВКЕ (бұрынғы құрылыс басқармасының бастығы) қол қоймаңдар деп айтқанмын, алайда олар қорықты. Ешқандай жұмыс тәжірибесі жоқ адам осындай үлкен лауазымға келді (Рысқалиевтың күрт көтерілген саяси мансабы жөнінде) және осындай жүйе құрды. Мен де үндемей отырып, қол қоя беруіме болатын еді, бірақ кетіп қалдым. Неге үндемейсіздер, айтыңыздар? – деді Нақпаев бұрынғы әріптестеріне.

- Әй, бізге лекцияңды оқымай-ақ қой! - деп айқай салды кенет Дәукенов.

БАРЛЫҒЫ БІРІ ҮШІН

Адвокаттың өтініші бойынша Нақпаев сотталушы «АтырауҚұрманҚұрылыс» директоры Құрманғазы ӘЛІМОВКЕ жұмысы бойынша мінездеме берді.

- Менің жеке пікірім – ол кінәлі емес, оны бағалар махинациясына қатысуға мәжбүрлеген.

- Мен бір шаршысы 56 515 теңгеден үй салдым, сіздер тендерге мен 72 мың деп көрсетті деп жазыпсыздар. Мен Нұрсаяда 36 үй салдым және сол үшін отырмын. Олар менен барлық мансардтар және іргеқабаттарды тартып алды, алайда мұндай баға көтеру фактісі болған жоқ. Мен адал жұмыс жасадым!

- Иә, барлық мердігерлердің ішінен ең тәуірі сіз болдыңыз, - деп келісті Нақпаев.

- Сіз өз арызыңызда «Снабойлстрой» ЖШС туралы: «ол (Әлбақасов) көрсеткен компаниялар арқылы қаржылар қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетелге асырылды-мыс», -  деп жаздыңыз. Орындаушылар ретінде кімді айттыңыз? Осы жерде касса меңгерушісі СИСЕНОВА, «СнабОйлСтрой» ЖШС директоры БЕЙСЕБЕКОВА, директордың қаржы жөніндегі орынбасары БАТЫРБАЕВА отыр, - деді адвокаттардың бірі.

- Мен бұл адамдарды білмеймін және олар туралы айтқан жоқпын, - деп жауап берді Нақпаев.

Кетіп бара жатып, Нақпаев сотталушы бұрынғы әріптестеріне сөз айту үшін соттан рұқсат сұрады:

- Барлығыңызды білемін, түсінемін, ауыр іс, қазір тағдырларыңыз шешілуде. Мен де осындай күндерді басымнан өткіздім. Мемлекеттік қызметте 1989 жылдан бері жасаймын, бірақ бұған дейін мұндай іс болып көрмеген. Мен келіспедім, соным үшін түрмеде отырдым. Сондықтан да сіздерді жақсы түсінемін. Болат (Дәукенов) ренжиді, ренжитін ештеңесі жоқ. Тендерлер ойынға айналды, «мемлекеттік ықпал, мемлекеттік қызмет» өз мәнін жоғалтты. Қандай лауазымда отырғанын түсінбестен, белгісіз біреулер билік басына келді. Халықтан ұрланған 71 миллиард облыс бюджетінің тең жартысы ғой. Ал сіздер президенттің тапсырмасын орындаудың орнына, бір адамның ғана бұйрығын тыңдадыңыздар. Ол кетіп қалды, олардың (Нақпаев экс-әкімнің туыстары мен әріптестері туралы айтып отыр) бірде-бірі қазір бұл жерде жоқ. Барлығының қалай болғанын айтыңыздар! Кейбіреулердің бұл жерде отырмауы керек еді: Нұрлан Кенжебаев, Асқар Әбдіров, Бауыржан ЖАЙСАНОВ (энергетика басқармасының басшысы), Ибрагим ӘМІРОВ (облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары), Ұлан ҚҰРАЛБАЕВ (облыстық «Мемэкспертиза» ЕМК бас директорының орынбасары), Тұрлан Жиенбаев… Еш бүкпестен, барлық шындықты айтыңыздар. Бұл жерде тағдырларыңыз шешілгелі жатыр. 

ШАРА ҚАБЫЛДАМАҒАНЫ ҮШІН

Рысқалиевтың отставкаға кетуіне әкеп соққан Нақпаевтың президент атына жолдаған атышулы арыз-хаты 2012 жылы 9 тамызда жазылған еді. Іле-шала, 15 тамызда Атырауға Н. НАЗАРБАЕВ келіп, облыс әкімі етіп Б. ІЗМҰХАМБЕТОВТЫ сайлады. Кейіннен ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев президенттің тікелей тапсырмасымен республикалық деңгейде тексеру жүргізуге осы хаттың негіз болғанын ресми түрде жариялады.

Алайда мұның барлығы белгілі фактілер, ал түрмеде отырған адамның хаты, бұрын үлкен басшы болса да, Назарбаевқа қалай жетті? Бұл жұмбақ. «АЖ»-ның бейресми ақпараттары бойынша, Нақпаевты құтқаруға сол кезде Президент аппаратында үлкен лауазымда отырған жас туысқаны бел буған деседі. Ол барлығын көріп отыратын Асылан МУСИННІҢ жоқтығын пайдаланып, президентке кіреді. Мұны естіген ол, әрине, құқыққорғаушылардан түсінік беруді талап етті.

Қалай болғанда да, Нақпаев арызында көрсетілген құқыққорғау органдары басшыларының арасынан өз лауазымында тек облыстық соттың төрағасы Смағұлов қана қалды. Бергей отставкаға кеткеннен екі аптадан кейін облыс прокуроры мен қаржы полициясының бастығы «тиісінше қадағаламай, өз уақытында шаралар қабылдамағаны үшін» тұжырымымен орындарынан босатылды. ҰҚКД бастығы Нұржан ЖІГІТЕКОВ пен ІІД бастығы Досанов та кетті, бірақ олардың отставкаға кету себептері айтылмады. Генерал-мойор Жігітеков Атырау облысынан Батыс Қазақстан облысына осындай лауазымға ауыстырылды. Рахмаджан Досанов біраз уақыттан кейін өзінің Атырау облысына келместен бұрын отырған жері ҚР ІІД Тергеу комитеті бастығының орынбасары орынтағына кері жайғасты. Ғаламторда ол туралы ақпарат мүлдем аз, рунетте оның 2009 жылы жұмысқа тағайындалғаны жөнінде ғана жазылған. Қазнетті қопарып отырып, бұрынғы жұмысына қайта оралғаны жөнінде ақпарат таптым. Тағайындалған уақыты жөнінде еш дерек жоқ. Сондай-ақ, қаржы полициясының бұрынғы басшысы Ерлан ЖАЛМАҒАМБЕТОВТІҢ қазіргі жұмыс орны туралы да ешқандай ақпарат табылмады. Облыстың бұрынғы прокуроры Сайфолла Кемалов қазір ҚР Бас көлік прокурорының орынбасары болып жасайды.   

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

18 тамыз 2014, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.