Атырау, 26 желтоқсан 18:05
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Мектептер қаржы мен көмекке мұқтаж

2 754 просмотра

Жылыой ауданындағы мектептердің басым бөлігі жөндеу көрмегендіктен тозып тұр.

Аудандағы 20 мектепке жәй жөндеуге 25 млн. теңге бөлінген. Бұл сырлап, әктеуден ауыспайды. Ал мектептер болса әбден тозғанын Жылыой ауданы білім бөлімінің бастығы Ізбасар Елтүзеров жасырмайды. Отыз, қырық жыл өтілі бар білім ошақтары күрделі жөндеуге сұранып-ақ тұр. Бұдан бірнеше жыл бұрын жаппай пластикалық терезе ауыстырудан кейін мектептерге көңіл бөлінуді қойған еді. Мұны ұстаздар да ашына айтар еді. Қағаз жүзінде апатты деп белгіленбесе де 17 мектепке күрделі жөндеу жүргізбесе болмайды. Өткен жылдың өзінде санитарлық эпидиомологтар мектептердегі канализация жүйелерінің тозғанын тілге тиек етіп, бірнеше рет ескертулерін де берген болатын. Екі жыл бұрын сары ауру қаланың өзінде қаптап кетіп, әрең дегенде алдын алғанын ешкім ұмытпаған болар. Сондай жайт қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Соңғы үш жылда Құлсары қаласында бір жаңа мектеп салынса, биыл тағы бір мектепті салу жоспарланып отыр. Мектептің тығыздығы жөнінен аудан облыс бойынша алдыңғы саптардың бірінен табылуда. Қала мектептерінде жаппай екі аусыммен білім беру орын алған. №9 мектепте оқушылардың үш аусыммен оқитыны жөніндегі мәселе шешілмей келе жатыр. Жылда айтылғанымен баяғы бір күй.

Кадр мәселесі де ауданда ақсап тұр. Елудің үстінде мұғалімдер жетіспейді. Әсіресе, математика, химия пәндерінің мұғалімдері тапшы. Және жиырма шақты мұғалім зейнеткерлік жасқа жетіп қалғандар, олардың орнын басуға жас мұғалімдер келмейді. Пән мұғалімдерінің бұлайша жетіспеуі жалақының төмендігінен деп түсіндіреді ұстаздар қауымы. Кезінде білікті мұғалімдер еңбекақының аздығын сылтауратып, Теңізге, Карабатанға кетіп қалған. Олар қайтып келмейді, мұғалімдердің жұмысынан онда оңайырақ және жалақы жақсы төленеді.

- Бұл тығырықтан шығудың жолдарын үнемі қарастырып келеміз. Жас кадрге баспана беруді әкімдіктің өзі қолға алуда. Және білім ошақтарына барып, бітіруші түлектермен кездесеміз. Бұл да оң нәтиже беруде. Мәселен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атыраудан 37 жас ұстаз келсе, 8-і үйлі болды. Биыл да жас мамандар келеді деп күтілуде, - дейді Жылыой ауданы білім бөлімінің бастығы Ізбасар ЕЛТҮЗЕРОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 шілде 2011, 22:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.