Атырау, 10 желтоқсан 01:42
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Мұңы арылмаған малды өңір

7 285 просмотра

Бүгінде көптеген шаруаларды жемшөптің тапшылығымен қатар, мал арасындағы бруцеллез ауруы діңкелетіп тұр. Осындай проблемалар Қызылқоға ауданына да тән болып шықты...

БРУЦЕЛЛЕЗ НЕГЕ ЖОЙЫЛМАЙДЫ?

Соңғы жылдары бруцеллездің етек алуынан ауыл адамдары ақ адал малын амалсыздан арзанға өткізуде. Айталық, 2009 жылы 2758 ірі қара, 242 қой‑ешкіден бруцеллез байқалысымен дереу етке өткізілген еді. Ал 2010 жылы 2330 ірі қара, 361 қой‑ешкі қасапхананың «құрбанына» айналды. Уақ жандықтар арасында бруцеллездің шығуы шошытарлық цифр болып тұр. Тек қана Тайсойған елді мекенінің өзінен 260 қой‑ешкіден бруцеллез табылған. Және екі адам бруцеллезден емделген.

‑Қыстан әлсіреп шыққан малдың қанын тексеруден өткізгенде бруцеллезге оң әсер беруі мал дәрігерлерін алаңдатқанымен, жеке шаруалар бұған бейқам қарауда. Қанша түсіндіргенімізбен, ауру малды жасырып қалу фактілері басым. Айналғанда, сол бір ауру малдан барлық малына жұғып, қорасы бос қалып жатқандар да жоқ емес. Біз бруцеллезге оң әсер берген малдың көзін жоюға, етке тапсыруға жұмыстанамыз, қоралар дезинфекциядан өткізіледі,‑дейді аудандық ветеринария бөлімшесінің бастығы Серікбай ЛАТИЕВ.

‑Алдын алу шаралары неге жүргізілмеген? Мысалы, бруцеллезге қарсы екпе ексе болады емес пе?

‑Бруцеллезге қарсы екпеге үкімет тарапынан қаржы бөлінбеген. Тек атышулы жұқпалы ауруларға (құс тұмауы, сібір жарасы, т. б.) ғана ақша қарастырылған. Егер қаржы табылса екпе жүргізу бізге қиын емес. Айтпақшы, мал арасынан құтырудың екі фактісі тіркеліп, олардың көзі дереу жойылды.

С.Латиев ауру малды жасырып қалушылар бар кезде бруцеллезді мүлдем жою мүмкін еместігін айтады. Бір жағынан, жергілікті тұрғындарды түсінуге болады. Бір керегіме жарар деген малы көрер көзге су тегінге кетіп бара жатса кім‑кімнің де іші удай ашыры сөзсіз. Оны өсіру үшін орасан мол шығын жұмсайды ғой. Мәселен, өткен жылы бруцеллезге оң әсер берген малдардың басым көпшілігі «Асыл‑Агро» ЖШС‑не өткізіліп, шұжыққа айналдырылып еді. С.Латиевтің айтуынша, сол кезде ірі қара мал етінің әр килосы 350 теңгеден өткізілген. Сонда бір ірі сиырдың құны шамамен 30‑35 мың теңгеге шығады ғой. Сиыр түгілі, қазір базарда қойдың өзі осындай теңге тұрады. Яғни, шаруа ұтылады деген сөз. Сол себептен адамдар ауру малын қорада жасырып, «мүмкін түзелер, семірер» деп үміттенетіні рас. Сол малды «семірту» кезінде аурудың басқа малдарға жұғу мүмкіндігін біле тұра тәуекел етеді.

Ал биыл ауданның бруцеллез малдарын Құлсарыдағы «Атырау‑Сауда» ЖШС келісін 500‑550 теңгеден алыпты. Былтырғыдан гөрі көтеріңкі баға болса да, бұған жергілікті тұрғындар аса риза болмаған. Бірақ, амал жоқ, өткізген. Ал бұл кезде базардағы еттің килосы 750-800, тіпті кейде 1000 теңгеге шарықтап тұрғанда қарапайым шаруаның бар жиғаны осылайша су тегінге кетіп жатқанына кімді кінәларсың? Бруцеллезге қарсы егу жұмысына қаржы таппай отырған үкіметті ме? Шаруалар бруцеллезден қалай құтылудың амалын таппай басы қатып жүргенде үкімет Америкадан бір басы 4,5 мың долларға бағаланатын 72 мың сиырды сатып алуға уағдаласып, соны елге тасып әлек. Әрине, асыл тұқымды мал керек, дегенмен, шаруалардың да мәселесін шешіп берген жөн ғой. Үкіметтің қаракетіне шаруалар осы себептен ашынулы екені даусыз.

‑Сол қаржыны ауылдағы шаруаға неге бермейді? Лизингтік негізде техника сатып ал дейді, ал оны кері қайтару көк тиынсыз отырған шаруаға оңай емес қой. Несие алып, мойныңа өзің түгілі ұрпақтарың құтылмайтын қарыз кигенше, қайғысыз қара суымызды ішіп, қара нанымызды жеп отырғанымыз жақсы. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына пәленбай миллиардтар берілуде дегенді теледидардан күнде естиміз. Бірақ оны қарапайым шаруалар көрген емес,‑дейді ауыл тұрғындары.

АСЫЛДАНДЫРУ ДЕГЕН АТЫ ҒАНА

Үкімет әзірге Америкадан сиыр тасып жатқанда ауыл шаруасына бір арба шөпті табу мұңға айналды. Оның үстіне Қызылқоға ауданының он мың гектарға жуық далалық жері өртке оранып кетті. Шабындық жерден айрылған шаруалар биыл бір машина шөпті 18-20 мың теңгеге сатып алды. Оны ала алмағандар амалсыздан малының біраз бөлігін сатып жіберген еді.

Аталмыш ауданда малды асылдандыру бағытында жұмыстар бар болғанымен, әттеген‑айлар да көп кездеседі. Кезінде әр ауылдан бюджет қаржысына салынған малды қолдан ұрықтандыру пункттерінің көбі жұмыс жасамайды. Иесіз қалған. Мәселен, ауданның бес ауылындағы ұрықтандыру пункттерінің екеуінен басқасы жұмысын тоқтатқан. Сағыз селосындағы пунктке көптен бері бір бас та мал әкелінбеген. Ал Миялы селосында бұқа жоқ дегенге күлесің бе, қайтерсің. Жарыса салынған мал тоғыту орындарының (купка) жұмысы да мардымсыз. Ал қуаңшылықтан тақырға айнала бастаған шабындықтарды айтқанда жылағың келеді.

‑ Ойылдың үш жылдан бері тасымай қалуы шабындықтарға, мал жайылымына судың шықпауына әкеліп соқтырды. Қазір каналдар құрғап қалған. Алдымыздағы жылы жоғарыдан тағы су келмесе, онда мал өсіру қиындайтыны сөзсіз. Биылғы алапат ыстықтардан шөп күйіп, жерлер тілініп қалды. Осы қуаңшылық малды өңір саналатын біздің ауданға да жеңіл тиейін деп отырған жоқ,‑дейді «Атыраусушар» РМК‑нің Қызылқоға аудандық филиалының бастығы Хамидолла ӘБДІРАХМАНОВ.

‑ Негізі ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында ауданда жасалған жұмыс жоспарымыз бар. Биылғы ыстықтан мақсары дақылынан жеткілікті өнім алынбады. Ауданда су жайы қиын. Ауыз су Тайсойғаннан алынады. Ондағы су қоры қаншаға жететініне барлау жүргізілуде. Ал Ойыл өзенінің тасымауы шынымен де ауыл шаруаларына жеңіл тимей отыр. Каналдарда ылғал су жоқ. Мал суды қайдан ішеді? Міне, қазіргі бас қатырарлық жағдай осы болып тұр. Құдықтан суарып мал өсіре алмайсың. Уақ жандықтарды бірдеңе етуге болар, ал пәлен шақырымға дейін дала кезіп жайылып кететін жылқы мен түйені қалай құдыққа телміртесің? Ауданның малбегілері осыған қатты алаңдаулы. Пункттердің жұмысын дұрыс жолға қою, бруцеллез ауруына байланысты қолдан келген шаралар алына беретін болады. Тиісті адамдардан жауапкершілік сұралады,‑дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Марат МҰҚАНОВ.

Айтпақшы, биыл қарапайым халық көлігі немесе басқа да мүмкіндігі жоқ болғандықтан алыстан арбалап шөп шаба алмаған соң, ауылдардағы шаруа қожалықтары олар үшін мал азығын дайындап беріп еді. Ең болмаса, қуаңшылыққа қарамай, жерлестеріне көмектескен сол шаруа қожалықтары мен пішеншілерге үкімет тарапынан көмекқаржы берілсе дұрыс болар еді-ау. Өкінішке орай, құжаттар жиналғанымен, ешкімнің қолына әлі ақша берілмеген. Тіпті құжат жинау ісі бұдан бұрын да үш жыл қатарынан қолға алынса да, бір тиын да көмекке ешкім ие болған емес. Ал үкімет даладан сиыр тасып әлек...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.