Атырау, 21 желтоқсан 09:49
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Эдуард Скрипец: «Үш турнирге қатар қатысу қолымыздан келеді»

3 100 просмотра

Облыстық баскетбол командасы Балтық баскетбол лигасы чемпионатының 1/8 финалына шықты. Бұл жолда Балтық бойының белгілі командалары – латвиялық «Вентспилс» және «Лиепайға», литвалық «Шяуляй», «Кедайняй» және «Литкабелиске», эстондық «Пярнге» қарсы тұрды. Өткен ойындар мен осы маусымға қойылған жоспарлар жөнінде «Атырау Барыстары» облыстық баскетбол командасының бас бапкері Эдуард СКРИПЕЦПЕН сұхбаттастық.

БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІНЕ САПАР

- Балтық баскетбол лигасы чемпионатының үш турынан кейін «Атырау Барыстарының» нәтижелері қандай?

- Команда алдын-ала кезеңнен сәтті өтті. «Барыстар» өз тобында 12 матч өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті. Топтағы басқа командалар өз ойындарын аяқтаған жоқ, сондықтан да нешінші орында екенімізді дәл айта алмаймын. Алайда «Барыстар» топта төртінші орын алады деген үміт бар. Бұл бізге Балтық лигасының Топ-16 сайысында ойнауға мүмкіндік береді. 1/8 финалға шықтық деп 98% сенімділікпен айта аламын.

- Қалған екі пайыз қайда?

- Егер біздің негізгі қарсыласымыз «Лиепай» қалған төрт ойында да жеңіске жетсе ғана біз плей-оффқа шыға алмаймыз, ал бұл мүмкін емес деп ойлаймын.

- Балтық лигасына қатысу тарихыңыз туралы айтыңызшы...

- Біз Балтық лигасының соңғы төрт маусымына қатысып келеміз. Лиганың екінші дивизионынан бастап ойнадық. Алдын-ала кезеңде 4-орын алып, топтан шыға алмадық.

Ал келесі жылы біз топтан шығып, екінші дивизионның ширек финалында Паневежистің «Литкабелис» командасынан екі матчта да ұтылып қалдық.

Өткен жылы Балтық лигасының дивизиондары біріктірілді. Біз бұл жолы да топтан сәтті шықтық. Топ-16 кезеңінде командалар тағы да топтарға бөлінді. Өкінішке орай, біз мұнда барлық ойындарда да ұтылып, келесі айналымға шыға алмадық.

Биыл лига ережелері тағы да өзгертілді. Топ-16-да жеке топтар жоқ, жеңілген командалар плей-офф ережелері бойынша шығып қалады.

- Балтық лигасында «Атырау Барыстары» ойыншылары өздерін қалай көрсете білді?

-Дмитрий Гаврилов пен Рейнис Струпович жақсы өнер көрсетті. Өкінішке орай, желтоқсан айында өткен ойында Рейнис тізесінен жарақат алып қалды. Оған ота жасалды, қазір оңалту кезеңінен өтіп жатыр.

Дмитрий біз ойлағаннан әлсіз ойнады, алайда командаға көмектесті. Максим Смирнов нашар ойнап, көп ойынға қатысқан жоқ. Біз онымен қоштасатын болармыз.

- Қандай спортшыларды аламыз деп жоспарлап отырсыздар?

- Әзірге бұл туралы айтпаймын. Көздеген адамдарымыз бар. Біздің Жоғары лигада ойнайтын «Атырау» фарм клубында өз шәкірттеріміз жеткілікті. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатының басқа командаларының бірнеше ойыншылары «Атырау Барыстары» құрамында ойнауға ниет білдіріп отыр.

- Жергілікті баскетболшылар арасынан негізгі құрамға үміткер болып отырғандар бар ма?

- Біз фармкомандадан ойыншыларды негізгі құрамға жиі алып отырамыз, кейде негізгі құрамдағы ойыншылар фармклубта ойнайды. Мәселен, жақында Рүстем Төлеу жарақатынан кейін қалпына келу үшін «Атырау» сапында ойнады. Негізгі құрамның тағы бір ойыншысы Қадыржан Ғұбашев фармклубта жиі ойнап тұрады. басқа жас ойыншылар да бар. 21 қаңтарда біз «Барыстар» мен «Атырау» арасында жолдастық кездесу өткіздік және болашағы бар деген ойыншыларды қарадық. Кейінгі ұрпақ өсіп келеді.

 

ҚАРА КҮШТЕР


«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
.
Эдуард Богданович Скрипец, 43 жаста. Украина баскетбол лигасының «СК КрАЗ», «Черкасские Мавпы-2», «Химик» командаларын жаттықтырған, 2010-2011 және 2011-2012 жылдардағы маусымда «Барыстар» командасында Вадим Бураков бас бапкер болған кезде екінші жаттықтырушы болып жұмыс жасап, ол кеткеннен кейін команда тізгінін қолына алды.

- Қатар өтіп жатқан екі чемпионатта - Қазақстанның ұлттық лигасы мен Балтық лигасында өнер көрсету спортшыларға қиын емес пе?

- Қазақстанның тұрақты чемпионатында ойындар көп емес. Чемпионаттың кейбір командалары кейде ай бойына ойынсыз отырады. Ал Балтық лигасындағы ойындар арқылы ішкі чемпионат күнтізбесіндегі бос күндерімізді толтырамыз. Сонымен қатар, Балтық лигасындағы ойын деңгейі біздің чемпионатқа қарағанда көп жоғары.

- Балтық маңы елдерінде Эдгарс Желенис және басқа да легионерлер қалай өнер көрсетті?

- Эдгарс ұпайды тұрақты жинап келеді. Ол командамыздың көшбасшыларының бірі. Желтоқсандағы тур қорытындысы бойынша ол Балтық лигасының үздік сұрмергені атанды, алайда қаңтарда кішкене қарқынын азайтты.

Қазіргі уақытта «Барыстар» құрамында АҚШ-тан келген қара нәсілді үш ойыншы ойнайды. Брэндон Каллахан командамызға өткен жылы келген, алайда, өкінішке орай, Балтық лигасында алған жарақаты маусымды түгел ойнауға мүмкіндік бермеді. Биыл Брэндон жақсы ойнап жүр. Алаңда ойынды ұйымдастырушы қызметін атқарады - команда шабуылына жетекшілік етеді. Данта Хилл сәл кейінірек, Балтық лигасы ойындары кезінде келді. Бұл өте мықты ойыншы, шабуылдаушы қорғаушы. Ол қарсыластан допты тартып алу және нәтижелі пас беру статистикасы бойынша командадағы үздік қорғаушылардың бірі.

Желтоқсанда Балтық лигасының чемпионаты кезінде жарақат алған Струповичтың орнына «Барыстар» құрамында өткен маусымда ойнаған Фредрик ІІ Замбалисті шақырдық. Ол қазір жақсы өнер көрсетуде.

- ҚР чемпионатында қанша ойындарыңыз қалды?

- Тұрақты чемпионатта 7 матч қалды – «Алматы», «Қапшағай» және «Каспий» (Ақтау) командаларымен екі ойыннан, «Астанамен» бір ойын өткізеді. Одан кейін Қазақстан кубогы мен плей-офф ойындары келеді. Чемпионатты да, кубокты да ұтып, Балтық лигасында әрі қарай өтеміз деп үміттенеміз.

- Қалай дегенмен де, қатарынан үш турнирде ойнау қиын шығар.

- Қолымыздан келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

30 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.