Индер ауданына қарасты ауыл әкімдерінің есеп беру жиындарында ауылдық мектептердің жайы сөз болды.
Бөдене ауылында балабақша ғимараты жекешелендіру жылдары сатылып кеткен болатын, ал клуб ғимаратының бүгінде орны да жоқ.
- Мәдениет үйі ғимаратының қирап қалғанына он жыл өтті, ал клуб директорының лауазымы әлі күнге қысқартылған жоқ. Неліктен? Барлық мәдени шаралар мектептің акт залында өтеді. Кітапханашы да ғимараттың жоқтығынан мектеп кабинеттерінің бірінде отырады. Балаларымызды балабақшаға бергіміз келеді, оны да салып болмай жатыр. Бұл мәселелер жыл сайын айтылғанымен, шешілмейді, -дейді тұрғындар.
Аққала ауылындағы мектеп 1968 жылы саман және қамыстан салынған. 2002 жылы мектеп ғимараты (суретте) апатты жағдайда деп танылған. Қазір онда екі жүзге жуық бала оқып жатыр.
- 2011 жылы Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соты апаттық жағдайдағы мектепті жабу жөнінде шешім шығарды. ТЖ бөлімінің мектепті жабу туралы бірнеше анықтамалары қолымызда. Санэпидстанса бөлімі де мектепті ашу жөнінде рұқсатын бермей отыр, -дейді Аққала орта мектебінің директоры Нұртас ҚҰСПАНОВ. Соған қарамастан, тәуекелге бел байлаған ұстаздар балаларды оқытуды жалғастырып келеді.
Ынтымақ ауылындағы мектеп те осындай күйді бастан кешіруде. Мектеп директоры Нұртас ҚАРАҚҰЛОВ акт және спорт залдарының жоқтығын, пән кабинеттерінің жетіспеуінен көп қиындық көріп жүргенін, сот шешімімен мектептің жабылып тұрғанын жеткізді.
Құрылыс ауылындағымектеп те апатты деп танылған.
- Балалар мектеп бағдарлама-сынан қалыс қалмауы тиіс, сондықтан біз жаңа ғимарат салынғанша қолымызды қусырып қойып, қарап отыра алмаймыз, -дейді Мұрат Мөңкеұлы атындағы орта мектептің директоры Роза РЫСБАЕВА. -Мектептің бір жақ қабырғасы жарылып, кітапхана бөлмесінің төбесінен су ағып тұр. Оның үстіне жарық жиі өшеді.
Есбол ауылындағы Кулагино орта мектебі 1937жылы салынған. Бұл мектептің жағдайы көп жылдан бері айтылып келеді, бірақ одан шыққан нәтиже жоқ.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВТЫҢ ақпаратына сәйкес,аталғанмектептердің жаңа ғимараттары құрылысының жері бүгінде белгіленіп қойылған:
- Аққала орта мектебінің жаңа құрылысқа арналған жері зираттарға жақын болғандықтан оны өзгерту жөнінде шешім қабылданды. «ТШО», «Аджип» компаниялары мектептерді салуға көмектесеміз деп отыр. «КТК» компаниясы Мұрат Мөңкеұлы атындағы мектептің жаңа ғимаратының құрылысын биыл бастамақ. Ынтымақ, Аққала мектептерін қайта салу күн тәртібінде тұр. Ал Бөдене ауылына клуб, балабақша салу әзірге жоспарда жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА