Қазақстанда алаяқтар қашықтықтан банктік қызмет көрсету (ҚБҚК) жүйесінің көмегімен қазақстандық банктердегі есепшоттардан 300 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлап кеткен деп хабарлайды ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті баспасөз қызметі.
«Топ Астана, Алматы қалаларының және басқа да облыс орталықтарының аумағында әрекет еткен. Қылмыс құрбандарының пошталық мекенжайларына салық органының атынан жіберілген электрондық хатқа бекітілген зиянкес бағдарламаның көмегімен қылмыскерлер компьютерде сақталатын ақпаратқа қол жеткізіп, клавишалардың комбинацияларын, оның ішінде ҚБҚК жүйесіне кіру парольдарын қағып алып отырған»,-делінген хабарламада.
Негізгі таратылған адресаттар ҚБҚК жүйесі арқылы электрондық қаржылық басқаруға рұқсаты бар түрлі компаниялардың бухгалтерияның қызметкерлері болған. «Кейіннен жеке басын куәландыратын жалған құжаттар жасаған, содан кейін алдамшы салым иелерінің өтініші бойынша қолдан жасалған жалған құжат бойынша банк филиалдарында есепшот ашып, оған ақшалай қаражат аударылған. Бірнеше уақыттардан кейін оларды қолма-қол ақшаға айырбастап отырған. Қолда бар ақпарат бойынша, осындай жолмен топ мүшелері 300 миллионнан астам теңге ұрлаған»,-делінген хабарламада.
Арнайы операция жүргізу барысында Алматы қаласында ІІМ және ІІД «К» бөліністерінің қызметкерлері қылмыскерлерді ұстады. Олардың тұратын жері бойынша ақшалай қаражат ұрлауда пайдаланылған компьютерлік техника, көптеген жалған төлем тапсырыстары мен қаржы құжаттары, құжаттар мен мөртабандарды дайындауға арналған құрал-жабдық табылып, алынды.
«Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдап алынды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың заңға қарсы әрекеттерінің басқа да эпизодтарын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА