
26 маусым күні ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын бақылап қайтты.
Ол алдымен республикалық маңызы бар «Атырау – Орал» автожолының 94 шақырымдық бөлігімен танысты. Жобаға 80 техника мен 65 маман жұмылдырылған. Бұл жол облыстың 720 мыңнан астам тұрғынын көлік қатынасымен қамтамасыз етіп, Ресейге транзиттік жүк тасымалына қызмет етеді.
Жоба 2028 жылы аяқталмақ. Нәлібаев жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды және бірнеше мердігер ұйымды тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар «Мұқыр – Құлсары» жолының алғашқы 16 шақырымы, «Махамбет – Хамит Ерғалиев» тасжолының 10–35 шақырымы жөнделіп жатыр. Атыраудағы 27 шақырымдық Солтүстік айналма жолдың құрылысы жүріп, Жайық өзенінің үстінен көпір мен үш жолайрық салу жоспарланған.
Ол Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайдағы жаңа терминал жобасымен де танысты. Инвестиция көлемі $50 млн, ауданы 16,5 мың м².
Терминал іске қосылған соң әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 3 млн жолаушыға дейін артады. Болашақта 6 млн жолаушыға қызмет көрсету әлеуеті бар. Нәлібаев жобаның кешігуін сынға алып, 1 шілдеге дейін эскиздік жобаны бекіту, тамызда құрылыс бастау міндетін қойды.
Сонымен қатар ол Құрманғазы атындағы 1200 орындық концерт залының құрылыс алаңына барды. Жалпы ауданы – 50 мың м². Нәлібаев мердігерлерге сапа талаптарын қатаң сақтауды және жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Бұдан кейін ол 12 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысымен танысты. Жоба 18 айда аяқталып, 2027 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Стадион UEFA IV санатына сай салынып, халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Атырау облысында көлік, мәдениет, спорт және авиация салаларындағы ірі жобалар жүзеге асырылуда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
В Атырау +30.1