«АЖ»-ның 04.12.13 күнгі №49 санында «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВТЫҢ брифингі туралы есеп жарияланған еді («Құлсарыда жаңа саябақ салынады»). Мақалада «әкім Құлсары қаласындағы жері жеке коттедждер салушыларға бөлініп берілген ескі саябақтың орнына жаңа демалыс саябағы салынатынын хабарлады» деп жазылған еді.
Осыған байланысты У. Абдрахманов көшесі бойындағы апатты деп танылған және күрелген 8 үйдің орнына 5 үш қатарлы,60 пәтерлі тұрғын үй салынады деп жоспарлануда екенін хабарлаймыз.
Саябақтарға келетін болсақ, қазір Құлсары қаласында 3 демалыс саябағы бар. Атап айтсақ, бұлар – Дүйсенбеков көшесіндегі «Мұнайшылар» саябағы, 1-ықшамаудандағы «Достық» саябағы және 5-ықшамаудандағы шағын саябақ. «Достық» саябағы «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен 2013 жылғы тамызда ашылды. Ол жақында қолданысқа берілуі тиіс жаңа емхананың алдында орналасқан. 5-ықшамаудандағы осыған ұқсас шағын саябақ та осы аталған кәсіпорынның демеушілігімен салынған.
Сонымен қатар, Құлсарыда қала тұрғындарының бірден-бір демалыс орындарына айналған 5 шағын аллея бар.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің «Құл-сары қаласын көгалдандыру» жобасына сәйкес, болашақта қала ішінде қалалықтарға арналған аббаттандырылған саябақтар салу, сондай-ақ, қала айналасына тал егу арқылы «жасыл белдеу» жасау мақсатында өңір топырағын зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
Жылыой ауданының әкімі М. ІЗБАСОВ