10 қаңтарда Құлсары қаласының 4-ші ауылының Автодорожник ықшам-ауданында 624 орынды мектептің салтанатты ашылуы өтті.
Бұған дейін Автодорож-никтің балалары көршілес 7-ші ауылдағы №9 мектеп пен балабақшадан қайта жарақталған №20 мектепте білім алған болатын. Орын жетіспегендіктен, №9 мектептегі сабақтар үш ауысыммен оқытылды.
Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН №9 және 20 мектептерден жаңа №8 мектепке 466 баланың ауысқандығын хабарлады. Енді облыста үш ауысыммен оқитын мектептер жоқ. Босаған №20 мектепте қайта жарақтау жұмыстары жүріп жатыр. Көктемде ол жерде «Айналайын» балабақшасы ашылады.
№8 мектепті 2011 жылдың көктемінде сала бастады, оған облыс бюджетінен 926 млн теңге жұмсалған еді. Мердігер болып «МұнайҚұрылысСервис ЛТД» компаниясы таңдалды.
– Мектептер 1 қыркүйекте тапсырылуы тиіс, ал бұл мектеп оқу жылының ортасында берілді. Неліктен? – деп Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВТАН сұраған едік.
– Жобалау-сметалық құжаттамада қателіктер болды, оларды түзетуге уақыт кетті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Светлана АМАНШИЕВАНЫҢ айтуынша, мектепте химия, информатика пәндері бойынша екі сыныптан бар екен. Оқу құрал-жабдықтарын алуға 2014 жылы облыс бюджетінен 110 млн теңге бөлінетін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ