Түркіменстан президенті Гурбанғұлы Бердімұхамедов кезекті рет әлем жұртшылығына өзінің тағы бір талантын паш етті деп хабарлайды әлемдік БАҚ құралдары.
Күні кеше ғана сол елдегі «Turkmen Owazy» ресми телеарнасының «YouTube» бейнепорталында президенттің өнер көрсеткен ролигі әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды. Жүздеген көрермен жиналған сарай сахнасының төріне орнатылған алып экранда түркімен көшбасшысы музыкалық сүйемелдеуші диджей ретінде және әншілігін жаңа қырынан көрсетеді.
Бердімұхамедов бұл жолғы бейнеролигінде екі композиция орындайды. Алғашқысы заманауи стильдегі музыка болса, екіншісі ұлттық сарындағы эстрадалық ән.
Ал залдағы көрермендердің басым бөлігі жүздері бал-бұл жанған жастар және олар президенттің тірідей емес, бейнедегі көрінісінің өзін орындарынан тік тұрып, қол соғып зор қошеметпен тамашалайды.
Естеріңізге сала кетейік, Түркіменстан президенті осы кезге дейін де мемлекеттік телеарналардың бірінде өз талантын паш етіп, өз тыңдармандарына гитарамен соло стиліндегі ән шырқап берген болатын.
Дереккөз: Baq.kz