«АЖ»«Атырау-Жарық» АҚ қызметінің тарифі 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1-2 тиынға төмендеуі мүмкін екендігін хабарлаған еді («Қайда асып барамыз»). Алайда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің салыстырмалы анализдің күрделі формуласын, яғни бенчмаркингті пайдаланып, тарифті 42 тиынға азайтты.
Атырау облыстық ТМРА департаменті басшысының міндетін атқарушы Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА хабарлағандай, «биылғы жылдың 25 қарашадағы департаменттің бұйрығымен 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап «Атырау-Жарық» үшін электр энергиясын беру және тарату тарифі салыстырмалы анализ әдісі қолданылып, бір киловатт-сағатқа 4,73 теңге (ҚҚС есебімен) мөлшерінде бекітілді. 2013 жылдың қолданыстағы тарифі бір киловатт-сағат үшін 5,15 теңгені құрайды. 8,3 пайызға төмендеді».
Бұл жерде «Атырау-Жарықтың» электр энергиясын беру және тарату тарифі облыс тұтынушыларына арналған «Атырау Энергосату» ЖШС құрамдас тарифтерінің бірі болып табылатынын айта кеткен жөн. Мәселен, егер «Атырау-Жарық» тарифі 2013 жылы бір киловатт-сағатқа 5,15 теңгені құраса, онда тұтынушылар үшін ақырғы тариф 5,95 теңге болды. Енді 2014 жылға тиісті «Атырау Энергосату» ЖШС-нің тарифі төмендетілген мөлшермен есептелетін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ