Атырау, 20 қараша 16:15
 дождьВ Атырау +9
$ 448.72
€ 493.86
₽ 5.49

Жұмбақ сары зат: Атыраудағы карьерден табылған қауіпті қап

62 рет қаралды
Фото: Бақытгүл Өтегенованың Facebook парақшасынан
Фото: Бақытгүл Өтегенованың Facebook парақшасынан

Атырау облысының Жылыой ауданында жергілікті тұрғындар қараусыз қалған карьерден ішінде ашық сары түсті зат бар үлкен қап тауып алды. Олардың айтуынша, қаптан өткір әрі тұншықтырғыш иіс шығады.

Табылған зат туралы қоғамдық белсенді Бақытгүл Өтегенова хабарлады. Карьер Ордабай елді мекенінде, Құлсары қаласынан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан. Жарияланған фотосуреттен үлкен ақ қаптың ішіндегі заттың жерге төгілгенін көруге болады. Сары түсті масса ұсақ бөлшектер мен ірі кесектерден тұрады. Сыртқы көрінісі күкіртке ұқсайды, алайда әзірге оның құрамы анықталған жоқ.

Шамамен он жыл бұрын бұл жерде топырақ қазылған, содан кейін карьер қараусыз қалған. Содан бері тік жарлы терең шұңқыр ашық күйінде тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол жолдың маңында орналасқан және көліктер мен мал үшін қауіп төндіреді.

— Біз карьерді көміп тастауды немесе тым болмаса қоршауды сұрап, әкімдікке бірнеше рет жүгіндік. Бірақ өтінішімізге құлақ асатын ешкім жоқ. Мұнда кез келген адам келіп, қоқыс төге алады. Қыстауға қайта оралғанда осы затты көрдік. Оны кім және қашан әкелгенін білмейміз. Біздің қыстауымыз осы жерден үш-төрт шақырым жерде орналасқан, — деді «Санат» шаруа қожалығының төрағасы Бейімбет Өтегенов.

Ордабай аумағында барлығы он шақты қыстау бар. Жергілікті тұрғындарды белгісіз зат қана емес, қараусыз қалған карьердің кез келген адам қалдықтарын кедергісіз төгетін орынға айналғаны да алаңдатады.

«Ақ Жайық» басылымы түсініктеме алу үшін Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Нұрлановқа жүгінді. Ол оқиға орнына өзі барып, аумақты тексеріп, жағдайды анықтайтынын айтты.

Редакция Атырау облысының экология департаментіне де ресми сауал жолдады.

Қаптың ішінде нақты қандай зат бар екенін және оның қауіпті-қатерсіз екенін тек зертханалық сараптама арқылы анықтауға болады. Алайда оның нәтижесіне қарамастан, тағы бір сұрақ туындайды: жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері қоршауды немесе көмуді сұрап келе жатқан карьер неге әлі күнге дейін ашық жатыр?

Бүгін, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.