Атырау, 19 қараша 22:04
 дождьВ Атырау +7.2
$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.40

Қазақстанда өзбек ғалымы тыңшылық жасағаны үшін 10 жылға сотталды

16 рет қаралды
Икболжон Корабоев, фото BBC Икболжон Корабоев, фото BBC
Икболжон Корабоев, фото BBC Икболжон Корабоев, фото BBC

Қазақстанда Өзбекстаннан келген 46 жастағы ғалым Икболжон Корабоев тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы оның туыстары хабарлады. Сот процесі жабық режимде өткен.

«Ферғана» басылымының «Азаттық Азияға» сілтеме жасап жазуынша, профессор Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы («Тыңшылық») бойынша кінәлі деп танылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ғалымның отбасы сот үкімі туралы сот өкілдерінен немесе басқа мемлекеттік органдардан емес, өздерінің жеке дереккөздері арқылы білген.

Туыстарының айтуынша, оларға осы уақытқа дейін тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік берілмеген. Сондай-ақ профессордың болжам бойынша қай мемлекеттің мүддесі үшін әрекет еткені туралы да ақпарат берілмеген.

Ғалымның отбасы сот үкіміне шағым түсіріп, оны толық ақтауға қол жеткізуді көздеп отыр.

Туыстары Қазақстан Президентіне, Бас прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына өтініш жасаған. Алайда олардың айтуынша, өтініштеріне нақты жауап ала алмаған.

Ғалым немен айналысқан?

Икболжон Корабоев — Өзбекстан азаматы, Әндіжан қаласының тумасы. Ұсталғанға дейін Астанадағы Maqsut Narikbayev University университетінде халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Ол жұбайымен және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.

Ғалымның ғылыми қызығушылықтары қатарында өңірлік интеграция, геоэкономика және Орталық Азияның аса маңызды минералдық ресурстары болған.

2025 жылдың сәуірінде профессор Қазақстан мен Өзбекстанның аса маңызды минералдарға қатысты құқықтық, саяси және стратегиялық тәсілдеріне арналған зерттеу жұмысын аяқтаған. 20 ұлттық және халықаралық құжат талданған бұл зерттеу жұмысы әлі күнге дейін жарияланбаған.

Ғалымның әріптестерінің айтуынша, ол өз зерттеулерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

«Ақ Жайық» бұған дейін не хабарлаған еді?

Еске салайық, 2026 жылғы 27 тамызда «Ақ Жайық» Икболжон Корабоевтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Ол кезде профессордың қамауда отырғанына екі айға жуық уақыт болған. Туыстарының мәліметінше, оны 3 шілдеде Астанада ұстаған.

Ғалымның отбасы мен BBC-дің Өзбек қызметінің дереккөздері оның ұсталуына қатысты екі болжамды себепті алға тартқан: Өзбекстанның мүддесі үшін әрекет етуі мүмкін деген күдік немесе профессордың аса маңызды минералдар саласындағы ғылыми зерттеулері.

«Ақ Жайық» редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдаған.

«АЖ» сауалына берген жауабында ҰҚК Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайтынын хабарлаған. Сонымен қатар Өзбекстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілген.

Сол кезде ведомство Корабоевтың процестік мәртебесін, қылмыстық істің саралануын және оған тағылған күдіктің мән-жайын нақтыламаған.

Бүгін, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.