Атырау, 21 желтоқсан 09:46
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Шыңғыс Мұқан: «Бізде Татишевті де «қара бала» дейді. Бұл не, нәсілшілдік пе?»

7 101 просмотра

Шыңғыс МҰҚАНШыңғыс МҰҚАНКезекті футбол маусымы аяқталды. «Атырау»командасы чемпионатта 8-орынға табан тіреді.Маусым қорытындысы мен болашақ жоспарлартуралы облыстық футбол федерациясының, «Атырау» ФК-ның президенті, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы МҰҚАНМЕН сұхбаттастық.

БҰЛ ДА БОЛСА - ЖЕТІСТІК

- «Атырау» командасының чемпионатта көрсеткен ойынына қандай баға бересіз?

- 2013 жылғы футбол маусымының алдында “Атырау” ФК-ның жалақы беруден және төленбеген салық бойынша қарыздары 650 млн теңге мөлшерінде болды. Бұл ойыншылар жинауда үлкен қиындықтар тудырды.

Қазақстандық және шетелдік футболшылар қарыздар клубтың сапында өнер көрсетуден бас тартты. Бұл жағдай командадағы ішкі ахуалға да әсерін тигізді. Сондықтан да чемпионаттың бірінші жартысында “Атырау” қажетті нәтижені көрсетпеді және алғашқы алтылықтың қатарына ене алмады.

2012 жылдың желтоқсанында бапкер Александр Голоколосовпен алдын ала келіссөздер жүргізілді, алайда келісімшартқа қол қоюға қол жеткізілмеді. Келіссөздерді клубтың бұрынғы басшылығы жүргізді. Желтоқсанның аяғында “Атырау” ФК-ның директоры болып Асылбек Жүнтербаев тағайындалды, ол М. Радуловичпен келісімшартқа қол қойды. Мен бұл дұрыс таңдау деп ойлаймын.

Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңінде “Атырау” 22 ойын өткізді. 7 жеңіске жетіп, 6 ойында тең түсіп, 9 ойында ұтылып қалып, 27 ұпай жинады. Екінші кезеңде 10 ойын ойналды: үш жеңіс, бес тең ойын және екі жеңіліс. Нәтижесінде 14 ұпай жинап, 8-орынға табан тіреді. Турнирден шығып қалмау жолында жанталаса күрескен алдыңғы өткен екі маусымға қарағанда, бұл да болса, жақсы нәтиже деп ойлаймын.

Жазғы трансферлік терезе кезінде команда жаңа футболшылармен толықтырылды. Шабуылшылар Алексей Щеткин мен Ненад Иняцты, жартылай қорғаушылар Роберто Алвеза мен Милош Стойчевті, қорғаушы Ринат Абдуллин мен қақпашы Андрей Шабановты сатып алу өз нәтижесін берді.

-  “Атырау” ФК-ның өз футбол орталығы ашылғаны маусым жетістіктерінің бірі болып саналады. Осы туралы айтыңызшы.

- Жыл басында облыс әкімі клуб дамуының екі басым жолын белгіледі. Алғашқысы - бас команда мен клуб бөлімшелерінің үздіксіз қызмет етуі, екіншісі - жақын резервті дайындау. Ақпан айында облыс әкімінің тапсырмаларын орындау мақсатында біз Қазақстан футбол федерациясымен біріге отырып, “Атырау” ФК жанынан футбол орталығын аштық. Қазір онда 300-ден аса бала шұғылдануда. Олармен “Атырау” ФК-ның шәкірттері болып табылатын 11 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Бапкерлер мен жас ойыншылар қажетті құрал-саймандармен толықтай қамтамасыз етілген. Сабақтар “Судоремонтник” және “Ривьера” стадиондарында өтеді.

“Атырау” ФК-ның балалар мен жасөспірімдер командасы аз уақыттың ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Өз жас санаттарында олар келесі нәтижелерді көрсетті: 1995 ж.т. дайындық тобы - 5-орын, 1996 ж.т. тобы - 6-орын, 1997 ж.т. тобы - 5-орын. Ал 1999 ж.т. футболшшылар командасы Қазақстан чемпионы атанды.

Біз, сондай-ақ, Исатай ауданында “Атырау” ФК-ның футбол орталығының филиалын аштық. Бұл жерде жүзден аса бала өз сүйікті ойындарымен шұғылдануға мүмкіндік алды. Алға қарай басқа аудандарда да ашылатын болады. Осы жылдың аяғына дейін барлық аудан орталықтарында футбол стадиондарын салу жобалары әзірленетін болады. Сонымен қатар, Атырауда 3000 көрермен кіре алатын футбол манежін салу жобасы дайындалуда. Жобада жазғы футбол алаңдары да қарастырылған. Сондай-ақ, Атырауда Футбол академиясын ашу жұмыстары жүргізілуде.

- Ең бастысы, кейіннен осы жастардың “Атыраудың” негізгі құрамына тартылғаны ғой...

- Өткен маусымда негізгі құрамға Айбар Нұрыбеков, Нұрсұлтан Мәдиев, Алексей Родионов, Алексей Маров, Валентин Чуреев, Бейбіт Татишев және Денис Родионов сияқты жергілікті ойыншылар тартылды. “Атырау” командасының негізгі құрамына жергілікті ойыншыларды дайындау және тарту бағытындағы клуб саясаты жалғасын табатын болады.

 

“БАПКЕР МӘСЕЛЕСІН ЖЕЛТОҚСАНДА ШЕШЕМІЗ”

- “Атырау” командасының бас бапкері Миодраг Радулович сұхбаттарының бірінде басқа футбол клубтарынан шақыртуларды жиі алып тұратынын айтқан болатын. Онымен жасалған келісімшарт 2014 жылғы маусымға ұзартыла ма?

-Бұл мәселе желтоқсанда шешіледі. Радулович тәжірибелі бапкер және өте жақсы адам. Клуб президенті және қарапайым жанкүйер ретінде мен оның жұмысына ризамын. Маусым басындағы қиыншылықтарға қарамастан, команда сәтті өнер көрсетті.

-Маусымаралық үзілісте командадан қай ойыншылар кетеді?

- Қазіргі уақытта командамыздан қақпашылар Сергей Бойченко, Владимир Плотников және жартылай қорғаушы Артем Фомин кетті, ал қалған ойыншылар мен жаңадан алынатын ойыншылар туралы айтуға әлі ерте, бәрі жаңа бас бапкер бекітілгеннен кейін белгілі болады. Қазір команда демалыста, желтоқсанның басында үш апталық оқу-жаттығу жиыны жоспарланып отыр. Өткен жылдардан айырмашылығы, біз бұл жиынды Атырауда өткіземіз. Сонымен қатар, қаңтар-ақпан айларында, кезекті Қазақстан чемпионаты басталғанға дейін Анталияда үш жиын өткізу жоспарлануда.

- Ойыншылардың қайсысы маусым соңынан кейін марапаттарға ие болды?

- 8-орын үшін марапаттау ыңғайсыздау болар, алайда маусымды жақсы деңгейде өткізгендерді айта аламын, олар: Валентин Чуреев, Сергей Куцов, Ринат Абдуллин, Алексей Щёткин, Йован Голич, Никола Миланкович, Айбар Нұрыбеков.

 

ОЙЫНШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ - КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚҰПИЯ

- Қыркүйек айында шотландиялық Scottish Sun газетінде “Атырау” командасының қара нәсілді бұрынғы легионері Микаэль Антуан-Кюрьенің клуб пен оның жанкүйерлерін нәсілшілдікпен айыптаған сұхбаты жарық көрді. Бұл туралы не айтасыз?

-“Атырау” - көпұлтты команда және мұнда нәсілшілдіктің кішкентай болса да белгісі білінбейді. Антуан Кюрьенің біз туралы айтқаны - бос сөз. “Қара бала” деген атауға келсек, бізде кейде Татишевті солай атайды. Бұл не, нәсілшілдік пе? Қазақ тілінде “қара” деген сын есім кей жағдайларда жағымды ауыспалы мағыналар береді. Мәселен, қара күштің иесі - мықты адам, қара шаңырақ - ата-ананың қадірлі үйі, қара шаңырақтың иесі - әулеттегі ең беделді адам. Полицейлер мұндай сөздерді бағып жүрмейді, олар жанкүйерлердің тәртібін қадағалайды.

-Жергілікті West Side фанклубының қызметіне қалай қарайсыз?

-Командамызға қызу қолдау білдіретін осы адамдарға өте ризамыз. Олар жанкүйерлермен жұмыс жүргізеді, командамыз туралыплакаттар жазып, өлең, ән шығарады. Биылғы жылы олар Орал қаласындағы ойынға барды, автобус жалданды.

- Әр маусымның басында Transfermarkt агенттігі дәстүр бойынша қазақстандық командалар ойыншыларының тізімін және олардың трансферлік құнын жариялайды. “Атырау” командасының  Чуреев, Щеткин, Иняц, Шабанов, Нұрыбеков сияқты жетекші ойыншыларының жалақысын айта аласыз ба?

-Футболшылардың жалақысы еңбек шарттарында көрсетілген және коммерциялық құпия болып табылады. Жаңа сатылып алынатын ойыншылар туралы айтуға әлі ерте, бірақ, өткен маусымның басында Микаэл Антуан-Кюрьені бағалағандай, 500 мың еуроның ойыншыларын алуды командамыз ойламайды да. Өйткені 2013 жылғы клуб бюджеті 800 млн теңгені құрады.

- “Атырау” ФК-ның бюджеті келесі жылы көбейе ме?

- 2014 жылға арналған бюджет қаралу кезеңінде және келесі жылдың басында жарияланатын болады.

-“Атырау” ФК-ның техникалық директоры Владимир Григорьев жылдың салқын мезгілдерінде жаттығу үшін кемінде 3 спорт зал керек деп есептейді. Бұл мәселе шешілді ме?

- Қыста “Атырау” ФК футбол орталығының балалары “Судоремонтник” стадионында, Авангард 4 ықшамаудандағы ДСК-нде және “Мұнайшы” стадионында шұғылданатын болады. Залдарды жалға алу ақысы футбол орталығының 2014 жылғы бюджетіне қосылатын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.