Атырау, 22 қараша 09:43
 дождьВ Атырау +6.7
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

​Ұлыбритания «СИБУР»-ға қарсы санкция енгізді: Атырау облысындағы мұнай-химия жобаларына әсері бола ма?

617 рет қаралды

Ұлыбритания 12 қарашада санкциялық тізімге ресейлік ең ірі мұнай-химия холдингі «СИБУР»-ды, сондай-ақ «НИПИгазпереработка» инжинирингтік компаниясын енгізді. Лондонның бұл шешімі Қазақстан үшін ерекше маңызды, өйткені «СИБУР» Атырау облысындағы ірі мұнай-химия жобаларына қатысады.

Британ билігінің ресми хабарламасына сәйкес, «СИБУР Холдингке» қатысты төмендегідей шектеулер енгізілді:

  • активтерді бұғаттау;
  • сенімгерлік қызмет көрсетуге шектеу қою;
  • британдық компанияларда басшылық лауазымдарды иеленуге тыйым салу;
  • көлік санкциялары.

Холдингті санкциялық тізімге енгізуге британ билігі оның РФ Үкіметі үшін стратегиялық мәні бар ресейлік энергетика секторындағы қызметін себеп ретінде көрсетті.

Британдық жаңа санкцияларға сонымен қатар «Славнефть», «Восток Ойл», СУЭК, «Кузбассразрезуголь» және бірқатар басқа компаниялар да ілікті.

Атыраудағы қай кәсіпорындар «СИБУР»-мен байланысты

Ресейлік холдинг Атырау облысындағы бір емес, бірден үш мұнай-химия кәсіпорнына қатысы бар. 

Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) 

2022 жылдың қарашасында іске қосылған полипропилен өндіретін жұмыс істеп тұрған зауыт. Жобалық қуаты — жылына 500 мың тонна өнім. «СИБУР»-ға кәсіпорынның 40%-ы, «ҚазМұнайГазға» — 49,5%-ы, Samruk-Kazyna Ondeu-ге — 9,5%-ы, «Алмэкс Плюске» — 1%-ы тиесілі. 

2025 жылы зауыт 377 мың тонна полипропилен өндірді.

Silleno («Силлено») 

Құны шамамен 7,4 млрд долларды құрайтын, құрылысы жүріп жатқан полиэтилен өндіретін зауыт. Жобалық қуаты — жылына 1,25 млн тонна. Қатысушылардың үлестері: ҚМГ — 40%, ресейлік «СИБУР» — 30%, қытайлық Sinopec — 30%. 

Өндірісті іске қосу 2029 жылға жоспарланған.

«Полимер Продакшн» Полипропилен және полиэтилен үлдірін (пленкасын), сондай-ақ полипропилен қаптарды өндіретін кәсіпорын. 2025 жылдың сәуір айында ҚМГ ресейлік холдингке кәсіпорынның 60%-ын сатқанын хабарлады. Қалған 40%-ы «ҚазМұнайГазға» тиесілі.

Атыраудағы кәсіпорындарда үлес қалай бөлінген

Санкция Атыраудағы кәсіпорындарға әсер етуі мүмкін бе?

Ұлыбританияның Қаржылық санкцияларды қолдану басқармасының (OFSI) ресми түсініктемелеріне сәйкес, шектеулер тікелей санкциялық тізімге енгізілген компанияларға ғана емес, сонымен бірге олар иелік ететін немесе бақылайтын кәсіпорындарға да қатысы бар. Критерийлердің бірі — кәсіпорын акцияларының немесе дауыс беру құқықтарының 50%-дан астамына иелік ету.

Осылайша, ең елеулі санкциялық тәуекелдер атыраулық «Полимер Продакшн» кәсіпорнында туындайды, өйткені ресейлік холдингке оның жарғылық капиталының 60%-ы тиесілі. Меншіктің мұндай құрылымы сақталған жағдайда, тіпті санкциялық тізімде бөлек көрсетілмесе де, кәсіпорынға активтерді бұғаттаудың британдық режимі таралады.

KPI мен Silleno жағдайында ресейлік холдингтің үлестері 50%-дан аспайды. Дегенмен, корпоративтік келісім мен шешім қабылдау жөніндегі өкілеттіктерді қоса алғанда, бақылаудың басқа да критерийлерін ескеру қажет.

Санкциялар мына мәселелерді қиындатуы мүмкін:

  • халықаралық қаржыландыруды тартуды;
  • банк операцияларын жүргізуді;
  • шетелдік жабдық жеткізушілермен өзара қатынасты;
  • халықаралық технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты;
  • дайын өнім экспортын және дивидендтер төлеуді.

Бұл мәселе американдық Chevron Phillips Chemical және Univation Technologies компанияларының технологияларын пайдаланатын, құрылысы жүріп жатқан Silleno зауыты үшін ерекше әсерлі болуы мүмкін. Мұнымен қоса, британдық санкциялардың өзі американдық компаниялар тарапынан ынтымақтастыққа автоматты түрде тыйым салынады дегенді білдірмейді.

13 қараша, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.