
Атырау облысының құрамасы Қазақстанның 17 өңірінен 1700-ден астам жас спортшының басын қосқан AUYL SPORT-2026 республикалық турнирінің жалпыкомандалық есебінде бірінші орнын иеленді. Жарысқа қатысушылар спорттың сегіз түрінен бақ сынады.
Жарыс 2-7 қараша аралығында Астанада өтті. Турнир ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін арттыруға және ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Жарыс бағдарламасына спорттың сегіз түрі енгізілді:
- еркін күрес;
- шахмат;
- волейбол;
- үстел теннисі;
- баскетбол;
- шағын футбол;
- WKF каратэ;
- бокс.
Сайыс қорытындысы бойынша Атырау облысының құрамасы басқа өңірлердің командаларын басып озып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды және республикалық турнирдің жеңімпазы атанды.
Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлағандай, спортшылар жоғары дайындық деңгейін, командалық бірлікті және жеңіске деген жігерін танытты.

В Атырау +6.7