Екі жылдан бері сергелдеңге түскен Махамбет, Индер, Атырау қаласының диқандары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан субсидия қаржысын сот арқылы өндіріп алуға қол жеткізді.
Еске салсақ, 2011 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бөлінуге тиісті 46 млн теңге субсидия қаржысы аяқ астынан жоғалып кеткен болатын. Диқандар бұл қаржыны суды пайдаланғаны үшін «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалына төлеуі тиіс еді. Бөлінуге тиісті қаржының қайда жоғалғаны сол күйінде жұмбақ болып қалып отыр.
Айналып келгенде, сумен қамтушы мекеме «Атырау-Жарық» АҚ-на бережақ болып қалды және егіншілерді сусыз қалдырып, сотқа берді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі сушарлықтардың пайдасына шешті. Бірақ, субсидияның облыстық бюджеттен төленуі тиістілігі есепке алынбады. Тауар өндірушілер бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен қазіргі әкім Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ бұл даулы мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді деп күтті. Бірақ олардың үміті ақталмады.
- Облыс бюджетінде мұндай қаржы жоқ. Сондықтан көмектесе алмаймыз, - деді Б. Ізмұхамбетов.
Бұдан кейін махамбеттік егіншілер облыстық прокуратураға, «Нұр Отан» партиясының Атырау филиалына арызданып, президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сайтына тікелей шағым түсірді. Бірақ ол жақтардан да еш нәтиже болмаған соң, егіншілер облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын ақыры сотқа беруге мәжбүр болды.
Осыған байланысты жуырда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы С. ХАСАН егіншілердің талап-арызын қанағаттандырып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан баж салығын төлеумен бірге субсидия қаржысын өндіру туралы шешімін шығарды.
- Екі жыл құқымызды қорғап, босқа жүгірмеген екенбіз, - дейді диқандар.- Бірақ өмір бойы егіншілікпен айналысып келген кейбір шаруалардың әділетсіздікпен күресуден шаршағандары соншалық, сүйікті кәсіптерін тастап кетті. Алолар да біз сияқты адвокат жалдау үшін аз ақша шығындаған жоқ… бірақ, оның есепке алынбайтыны өкінішті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -10