
Алматы облысы Қонаев қаласындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушылары арасында жанжал болып, ол төбелеске ұласты, деп хабарлады Egov.press Telegram-арнасы.
Дереккөздің хабарлауынша жанжалға қатысушылардың бірі директордың орынбасарымен сөйлескеннен кейін бөлмеден жүгіріп шығып, кейін пышақпен қайтып келіп, өлтіремін деп қорқытқан. Мектеп қызметкерлері полиция келгенше жасөспірімді ұстап үлгерді.
Қонаев қаласының әкімдігі аталған оқиғаның 2026 жылдың 25 ақпанында болғанын және оны мектеп әкімшілігі мен қалалық білім бөлімі бірден бақылауға алғанын растады.
«Сол күні педагогтар мен психологтардың қатысуымен оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жасөспірімдер бір-бірінен кешірім сұрап, татуласты», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша құзырлы органдармен бірлесіп тексеру жүргізілді. Полиция басқармасы ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша кәмелетке толмаған екі баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды.
Сонымен қатар, тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастырмағаны үшін мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Әкімдікте сондай-ақ Қонаевтың барлық білім беру ұйымдарында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары күшейтілгенін атап өтті. Жағдай қалалық білім бөлімінің бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, 5 ақпанда Құлсары қаласында осыған ұқсас жағдай болды: жасөспірім сыныптастарымен жанжалдасқаннан кейін мектеп дәліздерінде балтамен жүгірді.
В Атырау -10