
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қала тұрғынына қатысты электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз өткізгені үшін қылмыстық іс қаралды.
2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, әкелуге және өндіруге заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан, сотталған азамат 3700-ден астам жазылушысы бар Telegram арнасы арқылы никотин құрамды өнімдерді өткізуді ұйымдастырған. Ол заңсыз әрекетке екі сыбайласын да тартқан.
Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 784 электрондық құрылғы мен сұйықтықтар тәркіленді.
Сот үкімімен ұйымдастырушы ҚР ҚК-нің 301-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Оның сыбайластарының әрқайсысы 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды. Қолданылған көлік құралдары мен ұялы телефондар тәркіленді, өнім жойылуға жатады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау -10