Бұрынғы Байшонас ауылының тұрғындары белгісіз біреулердің ондағы зираттарға баратын жолдарды қиратып, мешітті өртеп жатқанына алаңдайды.
Дабыл қоңырауын алған соң біз жолға шықтық. Өткен жылдан басталған ауыл тұрғындарын көшіру ісі тек биыл ғана толық аяқталды. Байшонастықтарға қаладағы «Нұрсая», «Тұлпар» ықшам аудандарындағы үйлер берілді.
Ал бұрынауылдың төңірегінен мұнай атқылап, байлығы көл-көсір болып жатқан. Әлі де «қара алтын» өндіру жалғасуда. Бұл ауылда бұрын 380 үй түтінін түтетіп, 1980 адам тұрып келген болатын. Билік барлық инфрақұрылымнан ада бұл ауылды көшіруден басқа амал таппаған еді.
Бүгінде Байшонас ауылында иесіздік орнаған. Бірқатар үйлер күрелген, кейбірінің қалқиған құр сүлдесі қалыпты. Өткен ғасырда салынған кейбір үйлер бұзып алуға да жарамай қалған. Ауыл жұртында қалған төбе-төбе қоқыстардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл көрініс маған соғыстан кейінгі кинохроника кадрын еске түсірді. Қалаға көшкен жұрт жаңа қонысына иттер мен мысықтарын апаруды қажет деп таппағасын тастап кетіпті. Әкімшілік кеңсесінің есік, терезелері ашық күйде, қағаздар көшеде шашылып жатыр. Мешіттің төбесін бұзып тастаған.
Кезінде бұл ауылға 64 млн теңгеге шетелдік жылу қазандығы алынып еді. Бірақ ол бірнеше жыл бойы пайдаланылмай, вагон есігі құлыптаулы күйде қалған еді. Міне, біз сол жылу қазандығын көре алмадық. Қазір ауылда тек асхана мен өрт қауіпсіздігінің кеңсесі ғана тіршілік нышанын білдіріп тұр. Өндірісте жұмыс жасайтын мұнайшылар асханадан үш ауысыммен тамақтанады.
- Әркім өзінің жекеменшік үйлерін бұзып алды, болмаса материалдарын сатып жіберді. Оған біз жауап бермейміз ғой, - дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Самат АЙТҚАЛИЕВ. - Ал мектеп, амбулатория, балабақша, әкімшілік кеңсесін аукционға салып, сатамыз. Жеңімпаз өзі бұзып алады. Бүгінде құжаттары облысқа жіберілді. Оған дейін бұл нысандарды тонап кетпес үшін уақытша күзету қолға алынған. Шетелдік жылу қазандығы аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында. Оны біз Доссорға апарып қойдық, мүмкін облыс көлемінен алушылар табылар.
- Енді Байшонас ауылының орнында не болады?
- Әрине, түгел тазартылып, жерді рекультивизациялау жүргізіледі. Ауылдың орнында ешқандай нысан болады деп жоспарланбаған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ