Атырау, 30 қазан 21:19
 дождьВ Атырау +13
$ 453.71
€ 505.80
₽ 5.63

Тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп: Атырауда 67 лифт жаңартуды күтуде

82 рет қаралды
ЖИ арқылы жасалған сурет
ЖИ арқылы жасалған сурет

Атыраудағы көпқабатты үйлерде 67 жолаушылар лифтін ауыстыру қажет. Алайда жұмыстардың нақты мерзімі әзірге белгісіз. Барлығы бюджет қаражатының бөлінуіне байланысты. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерде барлығы 715 лифт бар. Оның 67-сі, яғни әрбір оныншы лифт ауыстыруды қажет етеді. Жабдықтарды жаңарту қажеттілігі тұрғындардың өтініштері негізінде анықталған.

Лифттерді термомодернизациялау бағдарламасы аясында ауыстыру жоспарланып отыр. Алайда әкімдік өкілдері жұмыстардың тиісті бюджет қаражаты бөлінген жағдайда ғана жүргізілетінін атап өтті.

Яғни лифттерді ауыстыру жұмыстарының нақты қашан басталатыны және оған қаражаттың бөлінетіні әзірге белгісіз.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, лифтілер кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жататынын және пәтер иелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі екенін де еске салды. Осыған байланысты оларды күтіп ұстау, ағымдағы және күрделі жөндеу міндеті тұрғындардың өздеріне жүктелген. Сонымен қатар тұрғындар лифттерге техникалық қызмет көрсететін ұйымды өз бетінше таңдауға құқылы.

Атырауда мұндай жеті компания жұмыс істейді. Олар: «Атырау Лифт», «КарЭлектропромЛифт», «Каспий лифт», «ISAR лифт сервис», «Сенім лифт сервис», «Батыс лифт» және «Жайық лифт».

Еске салайық, қазан айының басында Құлманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде ішінде төрт адам болған лифт құлап кеткен еді.

Лев ГУЗИКОВ

Бүгін, 20:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.