
Маңғыстау облысындағы Ерсай портына Жаңаөзен қаласында салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытына (ГӨЗ) арналған Қытайда өндірілген жабдықтардың алғашқы партиясы теңіз арқылы жеткізілді. Алғашқы жүк құрамында пештер, жылу алмастырғыштар, технологиялық сыйымдылықтар мен электр жылытқыштары бар.
Жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Теңіз арқылы тасымалдау 16 тамызда басталған. Қазіргі уақытта Қазақстанға көлемді жүк тиелген тағы үш кеме жолға шықты. Қалған жабдықтар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жеткізіледі.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметінше, зауыт құрылысы модульдік әдіспен жүргізіліп жатыр. Яғни негізгі технологиялық блоктар Қытайдағы зауыттарда құрастырылып, дайын күйінде Қазақстанға жеткізіледі. Бұл құрылыс алаңындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі мен көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Қытайдағы өндірістік алаңдарда негізгі технологиялық қондырғыларды құрастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ұзақ мерзімде дайындалатын 240 түрлі жабдықтың бүгінде 138-і әзір, тағы 102-сі өндіріс үстінде. Жабдықтарды дайындау жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 61,6 пайызды құрады.
Жаңа зауыт өңірге не береді?
Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорын жылына 900 млн текше метр табиғи және ілеспе мұнай газын өңдей алады.
Зауытта мынадай өнімдер өндіріледі:
Тауарлық газ;
Сұйытылған мұнай газы (СМГ);
Пентан-гексан фракциясы.
Кәсіпорын Маңғыстау облысының тұрғындары мен өнеркәсіп нысандарын газ өнімдерімен толық қамтамасыз етуге тиіс.
В Атырау +17