
Атырау облысында салынып жатқан ірі «Силлено» полиэтилен зауыты құрылысының 40,9 пайызы аяқталды. Алайда болашақ өндірісті электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету мәселелері қосымша есептеулерді қажет етеді. Бұл туралы облыс әкімі Болат Ақшолақовтың жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Өңір басшысы жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жағдайы және технологиялық жабдықтарды орнату барысы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта пиролиз, полимерлеу және жалпы зауыт шаруашылығы нысандарында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аяқталған ірі кезеңдердің бірі — биіктігі 101,8 метр болатын этиленді фракциялау технологиялық колоннасын орнату.
Сонымен қатар пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау, өндірістік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым құрылысы жалғасып жатыр.
«Электр энергиясын импорттау қымбатқа түседі»
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі болашақ зауытты энергиямен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.
Ақшолақов кәсіпорынның электр энергиясына деген ең жоғары қажеттілігі бойынша есеп-қисапты, сондай-ақ жобада қарастырылған энергетикалық жабдықтардың техникалық құжаттамасын ұсынуды тапсырды.
Өңір басшысы кәсіпорынның өз энергетикалық ресурстары жеткіліксіз болса, өндіріс іске қосылғаннан кейін елеулі қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескертті.
«Жағдайды толық түсінуіміз керек: электр энергиясына қажеттілік қандай құжаттар негізінде және қандай жабдықтарды ескере отырып есептелген? Егер өз ресурстарымыз жеткіліксіз болса, бұл күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін. Электр энергиясын импорттау қымбатқа түседі. Сондықтан қажетті көлемдегі энергияны қайдан алатынымызды алдын ала білу маңызды», — деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, сумен жабдықтау мәселесін шешуде де осындай тәсіл қажет.
Құрылысқа 15 мыңға дейін адам тартылады
Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, қазір құрылыс алаңында 5 мыңнан астам адам жұмыс істеп, 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
Құрылыс жұмыстарының ең қызған кезеңінде жұмысшылар санын шамамен 15 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Мамандарды даярлау жұмыстары қазірдің өзінде басталған. Кәсіпорын Атырау облысындағы оқу орындарын қоса алғанда, университеттер мен колледж түлектерінен кадрлық резерв жасақтап жатыр.
Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қазақстандық компанияларды тарту мәселесі жеке талқыланды.
Зауыт инфрақұрылымы да тексеріледі
Облыс әкімі инфрақұрылым нысандарының белгіленген талаптарға сай болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Атап айтқанда, кәсіпорын аумағында полиция бекетінің күрделі ғимаратын салу мәселесі қаралды.
«Силлено» полиэтилен зауыты Қазақстандағы ең ірі мұнай-химия өндіріс орындарының біріне айналмақ. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру.
В Атырау +17 


