Атырау, 30 қазан 15:29
 дождьВ Атырау +17
$ 453.71
€ 505.80
₽ 5.63

Мақат маңындағы ірі қара малдың қырылуы: Эмкар ауруының қаупі бар ма

86 рет қаралды
видеодан скриншот
видеодан скриншот

Мақат маңындағы «Білеулі ата» учаскесінде ірі қара мал қырылып жатыр. Жергілікті малшы он шақты малдың өлгенін хабарлағанымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тек екі жағдай тіркелгенін мәлімдеді. Малдың неден қырылып жатқаны әзірге белгісіз.

Жергілікті тұрғындардың малын ақыға бағатын жеке малшы Назбек Тастемиров «Ақ Жайық» басылымына берген сұхбатында малдың бірінен соң бірі ауырып, қырыла бастағанын айтты. Оның сөзінше, бүгінгі күнге дейін он шақты ірі қара өлген.

— Мал жатып қалады да, артқы аяқтарына тұра алмайды. Жануарлар шөп пен жем жеуден қалады, бірте-бірте әлсіреп, өледі. Мұның қандай ауру екенін білмейміз. Бәлкім, бұл эмкар (эмфизематозды карбункул) шығар. Әдетте оған қарсы екпе көктемде салынады, бірақ биыл вакцинация жүргізілген жоқ, — дейді Тастемиров.

Осы жағдайға байланысты малшы малды иелеріне қайтаруға мәжбүр болып отыр.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Ақ Жайық» басылымы Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламатқа жүгінді.

Алайда басқарма келтірген мәлімет басқа. Саламаттың айтуынша, ірі қара малдың тек екі басының өлгені тіркелген.

Малдың өлім себебін анықтау үшін сынамалар алынып, зертханалық зерттеуге жіберілген. Әзірге зерттеу нәтижелері дайын емес.

Басқарма басшысы қазіргі уақытта эмкарға қарсы вакцинация жүргізіліп жатқанын да хабарлады.

Осылайша, малдың нақты неден қырылып жатқаны әзірге анықталған жоқ. Малшының эмфизематозды карбункул болуы мүмкін деген болжамы зертханалық зерттеу нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.


Бүгін, 13:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.