
Бүгін таңертең Атырауда қазандықта газ-ауа қоспасы жарылды. Төтенше жағдай салдарынан бір адам зардап шегіп, көршілес тұрғын үйдің терезелері сынған.
Оқиға «Авангард» шағынауданының 2-шағынауданында болған. Газ үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта жарылған. Бақытымызға орай, одан кейін өрт шықпаған. Оқиға орнына құтқарушылар жедел жеткен.
Жарылыс толқынының күші айтарлықтай болған. Соның салдарынан жақын маңдағы пәтер мен тұрақта тұрған көліктер зақымданған.
«Жарылыс салдарынан қазандықтан 12 метр қашықтықта орналасқан көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің терезе конструкциялары, сондай-ақ екі жеңіл автокөлік зақымданды. Бір адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды», – деп хабарлады Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Қазір оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында ТЖД құтқарушылары, полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері және Апаттар медицинасы орталығының бригадалары бар.
Мамандар оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
В Атырау +10.2