
56 жастағы Гүлнар Құлниязова жағалауда өнер көрсеткені үшін айыппұл арқалаған соң, полиция қызметкерлері оның үйіне келіп, TikTok-тан өздері түсіп қалған видеоны өшіруді өтінгенін айтады.
Оқиға Құлманов көшесіндегі №1 үй тұрғындарының арыз-шағымынан басталған. «Ақ Жайық» редакциясында бар ақпаратқа сәйкес, 5 қазан сағат 22:00-ден кейін «102» пультіне кішкентай баласы бар әйел хабарласып, жағалаудан шыққан қатты музыка кедергі келтіріп жатқанын айтқан.
Шақырту бойынша келген полиция қызметкерлері Гүлнарға ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткен. Бірнеше күннен кейін әнші шамамен 21 мың теңге көлемінде айыппұл салынғаны туралы SMS-хабарлама алған.
Гүлнар бұл жазамен келіспейді. Ол ән айтуды сағат 23:00-ден кешіктірмей аяқтайтынын, ал өзінің сайлап алған сахнасынан жақын маңдағы тұрғын үйлерге дейінгі арақашықтық шамамен 150 метрді құрайтынын айтады. Тіпті, ол ешкімге кедергі келтірмейтінін дәлелдеу үшін қашықтықты карта және геолокация арқылы тексеруді ұсынады.
Айыппұл салынғанда ол сотқа қатыспаған
Гүлнарды айыппұлдың өзінен бұрын әкімшілік істің қалай қаралғаны көбірек ашуландырған. Оның айтуынша, 1414 қызметінен Мөлдағұлова, 247 мекенжайына келуді талап еткен хабарлама түскен, бірақ онда нақты уақыты да, кабинет нөмірі де көрсетілмеген.
Ол құжаттарды, соның ішінде ЖК тіркеуін растайтын қағаздарды жинай бастағанда, белгісіз біреу қоңырау шалып, құжаттарды полицияға емес, бірден сотқа тапсыру керек екенін айтқан. Нәтижесінде, Гүлнардың айтуынша, айыппұл туралы қаулы оның қатысуынсыз, өз ұстанымын түсіндіруге мүмкіндік берілместен шығарылған.
Мұндай шешіммен келіскісі келмеген әйел «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының заңгерлерінен көмек сұраған. Енді ол айыппұлдың күшін сот арқылы жоюға тырысып жатыр.
Сауда жасаудың орнына ән айтуды таңдады
Гүлнар өмірінің басым бөлігінде мүлдем басқа іспен айналысқан. Ақтөбе кооперативтік техникумын бітіргеннен кейін ол көп жыл бойы базарда сауда жасаған, кейін Kaspi қосымшасында өзінің онлайн-дүкенін ашқан. Дегенмен, тапсырыстар біртіндеп азайып, түскен табыс тіпті негізгі шығындарды жабуға да жетпей қалған.
Содан кейін Гүлнар бала кезінен бері армандаған ісін қолға алуға бел буды. Ол әрқашан ән айтуды жақсы көретін, бірақ бұрын бұл әуестігі мамандығына айналмаған еді, ал енді жағалауда өтіп бара жатқан адамдардың алдында өнер көрсетіп, өз дауысымен ақша табуға бел байлады.
Гүлнардың өзі жалғыз тәрбиелеп отырған екі ұлы бар. Үлкені Алматыда тұрады, ал кішісі 17 жаста, музыкалық колледждің екінші курсында оқиды. Содан да бұл отбасының өмірінде музыка ерекше орын алады.
Жаңа кәсібіне әйел байсалды қарады: өткен жылдың жазында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, касса аппаратын орнатты және қызмет түрі ретінде «концерттік қызметті» таңдады. Сонда ол жағалауда ән айта бастады, кейін сәл үзіліс жасап, осы көктемде қайтадан өнер көрсетуге оралды.
Гүлнар үшін бұл тек табыс табу мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге жүрегі қалаған сүйікті ісімен айналысу.
Видеолар «жоғарыға жетті»
Айыппұл оқиғасынан кейін Гүлнар TikTok-қа полиция қызметкерлерімен және оның өнер көрсетуіне шағымданған тұрғындармен сөйлескен жазбаларын сала бастады.
Әйелдің айтуынша, жақында оның үйіне екі полиция қызметкері келіп, бейнежазбаларды өшіруді өтінген. Олар өз өтініштерін бұл видеолардың «жоғарыға жеткенімен» және қызметкерлердің беделіне нұқсан келтіреді деп түсіндірген.
Гүлнар жарияланымдарды алып тастауға келісті, бірақ полицияның үйіне келген сәтін де видеоға түсіріп алған.
«АЖ» Атырау облыстық полиция департаментіне тыныштықтың бұзылғаны немен расталатынын, істің неліктен Гүлнар Құлниязованың қатысуынсыз қаралғанын және полиция қызметкерлерінің TikTok-тан видеоны өшіруді өтініп, оның үйіне қандай мақсатпен барғанын анықтау үшін сауал жолдады. Редакция жауапты күтіп отыр.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау +14.8